Вагондар қысқа дайын ба?

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Қылышын сүйретіп қыс та келе жатыр. Сол себепті қазір теміржол саласының әртүрлі қызметінде еңбектің тайқазанын қайнатқан кәсіпорындар алдағы қатал маусымға дайындықтарын тағы бір пысықтап, әрекеттерін жасап жатыр. Солардың қатарында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Солтүстік» филиалы да бар. Биыл аталған филиал 294 вагонды қысқы тасымалға дайындапты. 

– Біз жолаушыларға теміржол көлігі қызметін ұсынамыз. Сондықтан вагондарымыз қыс маусымында жылы болып, қатал маусымда қалтқысыз қызмет ету керек. Осы мақсатта біз биыл 2217 вагонға техникалық қызмет көрсетіп отырмыз. Соның ішінде ТО-3 қызметінен 80-ге жуық вагон өтсе, ТО-2 қызметінен өтуге тиіс 155 вагонның бүгінде 71%-і дайын болған. 

Біз вагондарды қыс маусымына дайындау барысында терезе блоктарының жылытылуына, ауа баптау жүйелерін консервациялауға ерекше көңіл бөліп, сумен жабдықтау және жылу жүйелерін тексердік. Сонымен қатар аккумуляторлық батареялардың тығыздығын қысқы режимге алмастырып, эстетикалық түрін жаңарту мақсатында әрлеу жұмыстарын жүргіздік, – деп дайындық жұмыстарымен таныстырды «Солтүстік» филиалының бас инженері А.Әубәкіров. 

Оның айтуынша, 2020-2021 жылдардың қыс маусымына кадрлар мен шаруашылықтарды уақытылы және сапалы дайындау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасарының №470-ЦЗ бұйрығы мамыр айының соңында шығып, соның негізінде шілде айының ортасында «Солтүстік» жолаушылар тасымалы бойынша аймақтық филиалдың шаруашылықтары мен кадрларын қатал маусымға дайындау туралы ішкі бұйрық шыққан екен. Осы бұйрық шеңберінде біраз жұмыстың басы қайырылыпты. Мәселен, бірінші «қыстаушыларға» қыс маусымында қауіпсіз еңбек етудің қыр-сырын үйреткен инструктаждар мен сабақтар өткізіліп, тәжірибелі мамандар қасына бекітілген. Сонымен қатар Астана теліміндегі АБК, Дезкамералар және гараждар ғимараттарына ағымдық жөндеу жүргізілген. Жылу жүйелерінің қысымын тексеру кезінде 32 ілмекті-реттеуші арматураға тексеру жұмыстары жүргізілген. Жалпы барлық ғимараттағы жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу беру жүйелерінің қысымы тексеріліп, суды және жылуды есептеу аспаптарының қызметі тексерілген. 

«Балқаш станциясындағы қазандықтың қыс маусымында тоқтаусыз жұмыс істеуіне қамданыс шаруашылық тәсілмен жүргізілді. Қазір қазандық жылу беру маусымына толық дайын. «Теміржолсу» ЖШС-мен жасасқан келісімшарт негізінде көмірдің қажетті көлемі жеткізілді. Біз филиал қызметкерлерін арнайы қысқы киіммен осы жылдың басында қамтамасыз еттік. Жолаушылар вагондарының қысқы режимде жұмыс істеуге дайындығына келсек, қазір 209 вагон жылытылып, қажетті дайындық үрдістерінің бәрінен өткен. Барлық нысандарда жылу беру маусымына тастүйін дайын болып, қазір жылу берілген», – деп сөзін түйіндеді филиал бас инженері.