Жаңғызтөбе станциясында жүк көбейді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жарма – Шар телімінің 817,1 шақырымында орын тепкен 3-ші класты Жаңғызтөбе станциясы бүгінде құрылымдық тұрғыдан толықтай қайта жаңғыртылды. Оған себеп – бұрындары тек іргелес аудандарға қатынайтын жолаушыларға ғана қызмет көрсететін станцияда өткен жылдан бастап өндіріс көлемі күрт ұлғайды.

Жаңғызтөбенің іргесіндегі қайтадан ашылған кен орнынан құрамында алтыны бар сульфидті руда өндіру қолға алынғалы бері жүк тиеу көлемі күрт өскен болатын. Мәселен, 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін вагондарға жүк тиеу көлемі 1563 пайызға дейін еселеп өсіпті. Өткен жылы 7800-дің үстінде вагон жөнелтілді. Ал, биылғы жылғы болжамды жоспар бойынша жүк тиелетін вагондар саны шамамен 15 000 вагоннан асырылмақ.

Сол тәрізді жүк түсіру бойынша да көрсеткіш жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Ал оған себеп, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында халықаралық маңызға ие ҚалбатауМайқапшағай күре жолының күрделі жөндеуден өтуі болып отыр. Бұл ретте Жаңғызтөбе станциясына «Қазавтожол» АҚ тапсырысы бойынша қиыршық тас, құм, дизельді отын мен битум тәрізді бірқатар құрылыс заттары жеткізіледі. Сол себепті жөнелтілетін жүк көлемі де артуда.

– Қазіргі күні жүк көлемі күрт артуына байланысты жоспарлы шараларды әр ай сайын жаңартуға мәжбүрміз. Мәселен, өткен жылдың есепті мерзімімен алғанда жүк айналымы екі есеге дейін өсті. Қазіргі таңда айына ең кемі 1 500 вагон жүк жөнелтіп жатырмыз, – дейді станция басшысы Асылжан Абдрахман.

Бүгінгі күні жаңадан тағайындалған станция басшысы Асылжан Абдрахманның жетекшілігімен бірқатар жаңашыл шаралар жүзеге асырылуда. Жұмыс көлемінің артуына байланысты ай сайын дерлік жаңадан жұмыс орындары ашылып, жолшылар, байланысшылар, соны мен қатар пойыз құрастырушылары жұмысқа алынып жатыр.

Сол тәрізді тапсырыс беруші клиенттермен жүргізілетін жұмыс барысы да күрт қарқын алыпты. Жаңадан ашылып жатқан зауыт иелерінен іскерлік ұсыныс түсуде. Мәселен, жүк түсіру бойынша түрік және қытайлық компаниялардың аймақтық өкілдерінен алдағы уақыттарда қарастыруды қажет ететін өтініштер бар.

Жаңғызтөбе станциясының жүк айналымы бойынша әкелетін жылдық табысы бүгінде миллиард теңгеден асты. Оған өңірге «Полиметалл» кәсіпорнының жаңадан келіп, алтын концентратын өндіруі себеп болып отыр. Кен қорын соңғы бағалау бойынша кен игеру жұмыстары 2047 жылға дейін жалғасады деген болжамды жоспар бар. Демек, жаңғызтөбеліктерге де вагон тапшылығын болдырмай жүйелі іске көшу қажет деген сөз.

Өңір бойынша өткен ғасырдың 90-шы жылдары орын алған тоқырау тұсында жабылып қалған байырғы кен орындары қайта ашылып жатыр. Соның нәтижесінде әлеуетті клиенттер тарапынан тұйық желілер салуға байланысты ұсыныстар көптеп түсуде. Бұл тарапта жақында ғана үш өтініш келіп түсті. Сондай-ақ, пайдаланусыз қалған кірме жолдар мен қосалқы жолдар толықтай орташа жөндеуден өтті. Жуырда қосымша жаңадан тағы бір тұйық желі салынып, тұрақты пайдалануға берілген. Мұндай жоспарлы шаралар қатары әлі де көп.