Сандық технологияның артықшылығы

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Соңғы жылдары заманауи технологиямен жарақтануға көшкен салада жетістік көп. Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы осындай заманауи технологияның жемісін көріп отыр.

Дистанция бастығы Ғани Ысқақовтың айтуынша, Ресейде дайындалған сандық технологиялық өнім – DX-500 байланыс құрылғысы бұған дейін қолданыста болған К-60 байланыс құрылғысының орнын алмастырған бірегей технология. Оперативті-технологиялық байланыстың сапалы жүргізілуіне негізделген жаңа DX-500 байланыс құрылғысы диспетчерлердің, станция кезекшілерінің, машинистерді, пойыз құрастырушылардың, жалпы алғанда, бүкіл теміржолшының түрлі көлемдегі байланыс құрылғыларының көмегімен орындалатын өзара байланысының сапалы атқарылуына қызмет етеді.

Бүгінде Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясында заманауи үлгідегі сандық технологиялы DX-500 байланыс құрылғысы пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруға жұмыс жасап тұр. Ғани Ысқақов жаңа технологияларды әріптестерінің толық игергенін айтады.

Сандық технология үлгісіндегі DX-500 байланыс құрылғысы мекеменің ЛАЗ бөлімінде орналастырылған, бөлім басшысы Нұрболат Қалниязов әріптестері Кенжетай Азишова, Ерік Шоқаманов және Бекмұрат Көшербаевтармен бірге құрылғының сапалы жұмыс жасауын компьютер арқылы бақылауға алған.

– Талшықты-оптикалық байланыс жүйесімен жұмыс жасайтын ДХ-500 сандық құрылғысы бұған дейін қолданыста болған К-60-тан тиімділігі жоғары. Сандық жүйе негізінде жұмыс жасайтындықтан бұл ДХ-500 құрылғысында байланысқа кедергі болатын ешнәрсе жоқ. Осыған дейін дистанцияда болған құрылғыларда жұмыс кезінде ептеп болса да шу, гуіл, дыбыстың жаңғырып немесе қосарланып естілмей қалуы, белгілі диапозондағы, ауа толқынындағы тербелістің кедергіге ұшырауы, құбылуы секілді байланыстың құбылмалы болуы сезілетін. Ал жаңа құрылғыда мұндай кедергінің ешқайсысы әзірге орын алған емес, – деді ЛАЗ бөлімінің аға электромеханигі Нұрболат Қалниязов.