Түрксібке тарту жасады

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінде Семей ЖТ бөлімшесі бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында шалғайдағы шағын станциялардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету ісі ерекше қарқын алып отыр.

Әсіресе желі бойындағы жол айрықтарын кең жолақты интернетпен қамтуды жалғастыру үшін 2018-2022 жылдар арасында талшықтыоптикалық және LTE желілерін кезең-кезеңмен салу ісі жүзеге асуда. Осы орайда «Транстелеком» АҚ-ның Семейдегі филиалы ағымдағы жылы Түрксібтің 90 жылдығына орай теміржолшылар қауымына үлкен тарту жасады десек те болады. Жалпы, «Транстелеком» АҚ-ның Семей қаласындағы «Семейтранстелеком» филиалы Локоть-Дегелең, Семей-Ақтоғай учаскелерін қамтиды. Яғни, бөлімшенің барлық станциялары қарамағына кіреді деген сөз. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша «Семейтранстелеком» филиалы «Елді мекен 250+», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында теміржолшылар игілігі үшін елеулі жұмыстар жүргізді.

Мәселен, биылғы жылы байырғы Жарма дистанциясына қарасты Жарма, Суықбұлақ, Жаңғызтөбе және Қапанбұлақ, Үшбиік станциялары талшықтыоптикалық желіге қосылды. Яғни, мұндағы жергілікті теміржолшылар Түрксіб тойына орай жаһанжеліге шығуға мүмкіндік алды. 

Бұл ретте құрылғанына 90 жылдан асқан АқтоғайАягөз телімінің дәл ортасында орын тепкен Таңсық станциясының 100-ден аса теміржолшылары аса жоғары жылдамдықтағы интернетпен және заманауи цифрлы телевидениемен қамтамасыз етілгенін де айта кету орынды. 

– Қазіргі күндері «Транстелеком» АҚ телекоммуникация саласы ғана емес, АТ, автоматика және энергетика саласындағы жүйені де интеграциялауға мамандандырылған. Ал теміржолшылар игілігі үшін биылғы жылғы атқарылған жұмыстарды, сөз жоқ, үлкен нәтиже деуге болады, – дейді жергілікті мамандар. 

Сонымен қатар, желі бойындағы кейбір станциялардың теміржолшылары ұялы телефон байланысына да қол жеткізді. Станция басшылары жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынас орната отырып, бірқатар ұялы байланыс операторларының қызметіне қол жеткізіпті. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаспақ. Атап айтсақ, Жарма, Қапанбұлақ сынды шалғайда орын тепкен тағы да көптеген станцияларды ұялы байланыспен қамту ісі таяу аралықта орындалмақ.