Мобильді диагностиканың маңызы зор

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазақстан темір жолында өндіріске мобильді диагностикалық кешендер «Магистраль» АБЖ шеңберінде мобильді диагностикалық құралдарды енгізу» жобасы бойынша іске қосылған. Ал ол жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Жалпы МДК жұмысын жолға қоюдағы мақсат – жол жарамсыздығы мен рельс ақауларын дер кезінде анықтау арқылы пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру. Өйткені темір жол мен оның элементтерін пайдалану мерзімі климаттық жағдайларға, жүк жүктемесіне, пойыздар қозғалысының жылдамдығына, пойыздар тартымының түріне, жасалған материалдардың сапасына байланысты болады. 

«ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желісінде жолдың жоғары төсемінің ең басты және қымбат тұратын бөлігі – рельстер. Себебі бізде басқа елдерге қарағанда климаттық жағдай анағұрлым күрделі, яғни орташа жылдық ауа температурасының өзгеру айырмашылығы өте үлкен. Ел теміржолындағы рельстердің 89 пайызы Кузнецк және Нижнетагильск зауыттарында өндіріледі. Аталған өндірушілердің рельстер сапасы, яғни сызат түсуге, тозуға төзімділігі жағынан деңгейі жапондық және еуропалық өндірушілер өнімдеріне жетпейді. 

Жол төсемі элементтерінің сапасын тексеретін жаңа мобильді диагностикалық кешендер «Магистраль» АБЖ аясында алынған кешендердің жетілдірілген және жаңғыртылған нұсқасы болып саналады. Жаңа кешендер бақылауда бір көлік құралында жұмыс жылдамдығын 90 км/сағатқа дейін жеткізе отырып түрлі мақсаттағы диагностикалық жүйелерді біріктіреді. 

Қазақстанда 6 мобильді диагностикалық кешенді іске қосудың арқасында көптеген жетістіктерге қол жетті. Атап айтқанда, аталған диагностика деректерін өңдеу үдерісін автоматтандыру есебімен мобильді диагностика құралдарын өңдеу нормалары мен еңбек өнімділігін 2 есе арттыру мүмкін болды. 

Сонымен қатар жол шаруашылығындағы инфрақұрылым нысандарының жағдайына бақылау жүргізу жылдамдығы артты. 

Сондай-ақ темір жол инфрақұрылымына кешенді диагностика жүргізу, диагностика деректерін өңдеуді қазір және болашақта жарамсыздықты уақытылы анықтау үшін жөндеу кәсіпорындарына онлайн режимде беру жоспарлануда. 

Жолды кешенді диагностикалау кезінде адами фактор азайтылып, мына өлшемдер автоматтандырылады: ультрадыбыстық және магнитті дефектоскопия, рельс шанақтарының геометриясын өлшеу, құрылымның жақындау габаритінің сақталуын бақылау, жоғары жол төсемдеріне бейнебақылау және бейнебақылау арқылы шолу, георадиолокация жүйесі. Жобаны жүзеге асыру және жаңа МДК енгізуде сонымен қатар мынадай талдамалы бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысқа енгізілді: ПГРК – рельс шанақтары геометриясының істен шығар алдындағы жағдайы мен рельс бекітпелерінің жағдайын анықтауға бағытталған. КАПС-БП – темір жолдың түйіспесіз жолдардағы істен шығар алдындағы жағдайына кешенді талдау жүргізу, StabWay – жер төсемдерінің тұрақсыз төсемдерін анықтау үшін қажет. 

Бүгінгі таңда магистральдық желі инфрақұрылымының диагностикасы 6 жаңа МДК арқылы жүргізіледі. Оның үстіне бұрыннан қолданыстағы біреуі бар. Бұлар 2015 жылы «Магистраль» АБЖ тәжірибелік-конструкторлық және ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында қойылған. 

Мобильді диагностикалық кешеннің (МДК) жаңа үшеуі 2019 жылы 2 мамырда пайдалануға берілді.

Екінші партиясы – тағы үшеуі биыл 15 наурызда әкелінді. Бүгінде кешендер телімдерге бекітіліп, жолға кешенді диагностика жасалуда.

Тағы оқыңыз: МДК диагностиканың нәтижелері

подписка на казахском