Сандық жүйе жұмысты жеңілдетуде

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Теміржолда сандық технологияларға көшу қарқыны белсенді жүріп жатыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ әзірлеген және бұл күнде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық темір жол» ұзақмерзімді кешенді бағдарламасы компанияның әртүрлі аспектілерін, соның ішінде жүк тасымалын да қамтуда.

Бүгінгі таңда барлық қазақстандық жүк станциялары ақпараттық автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Тасымалдың қауіпсіздігін арттыру, логистиканы жақсарту, уақытты және жүк жөнелтушілердің шығындарын оңтайландыру мақсатында 30- ға жуық инновациялық шешімдер егізілген. 

– Теміржолдың болашағы ақпараттық технологияларға байланысты. Цифрлық трансформацияның мақсаты – бизнес-процестер мен еңбек өнімділігін арттыру, себебі, қызметкерлердің маңызды операциялары автоматтандырылуда, ақпаратпен және тасымалдау құжаттарымен жұмыс істеу шапшаң әрі оңай бола бастады, – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Қайрат Сәуірбаев. 

Республикаішілік қатынастағы жүк тасымалы саласында Келісімшарт және коммерциялық жұмыстарды автоматтандырылған басқару жүйесі (ККЖ АБЖ) негізінде тасымалдау құжаттарын рәсімдейтін қағазсыз технология енгізілген болатын. Бұл жоба тасымалдау құжаттарын қағазда рәсімдеуді толығымен жоя отырып, оны сандық жүйе кеңістігіне алмастырды. Бүгінде электрондық тасымалдау құжаттарын толтыру және ресімдеудің ортатәуліктік пайызы 94% құрауда, бұл дегеніміз қауіпті жүктер тасымалын қоспағанда, тасымалдау құжаттарының жалпы санынан 10 мыңнан астам келісімшартты құрап отыр. Осы ретте, Digital Samruk-2019 конференциясы барысында «Республикаішілік қатынаста ККЖ АБЖ-да тасымалдау құжаттарын рәсімдеуде қағазсыз технологияны енгізу» жобасы үздік жобалардың бірі болып танылғанын айта кеткен жөн. Келісімшарт және коммерциялық жұмыстарды автоматтандырылған басқару жүйесі (ККЖ АБЖ) ТМД кеңістігінде бірегей деп танылып отыр, оған балама жоқ. Бұл жүйе адам факторын қатыстырмайды, бюрократиялық процедураларға да жол бермейді. Оның басты мақсаты – теміржолдың жүк тасымалына электронды тасымалдау құжаттарын дайындау және рәсімдеу. Яғни ККЖ АБЖ құралы арқылы жүк жөнелтуші тасымалға өтінім береді, өз кеңсесінен шықпай-ақ, онлайн режимде электрондық құжаттарды рәсімдейді. Ал бұл оның шығыны мен құжатты рәсімдеуге кететін уақытты анағұрлым үнемдейді.  

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүкті Қазақстанның барлық аумағы бойынша және бес көрші ел – Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түркіменстанмен шектесетін 16 халықаралық түйіспе пункті арқылы тасымалдайды. 

«ҚТЖ» ҰК» АҚ кедендік әкімшілік процедураларын жеңілдету үшін кеден органдарына Достық, Алтынкөл, Сарыағаш, Ақтау порты, Құрық порты, Болашақ, Қарақалпақстан халықаралық түйіспе пункттері арқылы ЕАЭО аумағына теміржол көлігімен алып бара жатқан тауарлары туралы алдын ала хабардар етеді. Осы мақсатта ККЖ АБЖ алдын ала ақпарат беру, алдын ала берілетін ақпаратты транзитті декларацияның электрондық көшірмесі ретінде пайдалану, сондай-ақ, алып келе жатқан халықаралықтасымалдың шетелдік көлік құралдарын декларациялау үшін кедендік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Мұнда да қағазсыз жүк тасымалына кезең-кезеңмен көшу басталғанын көреміз. Қазіргі кезде «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Кыргызтемиржолу» ҰК» МК, «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ, Қытай темір жолдары арасында деректермен электрондық алмасу туралы келісімге қол қойылған. Нақты деректерге жүгінсек, онда өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай темір жолдарынан 95 мыңнан астам электронды құжат алынып, 34 мыңнан астамы жіберілгенін. Ал Әзербайжан темір жолдарынан 12,8 мыңнан астам құжат алынса, 2 мыңға жуық дерек жіберілген.  

Қырғыз темір жолынан 16 мыңнан астам құжат алынып, 56 мыңнан астам электронды құжат жіберілген. Осы жылдың шілдесінен бастап тасымалдау құжаттарын қағазсыз технология бойынша рәсімдеу ресейлік темір жолдарға қарасты станцияларға бағытталған экспорттық қатынаста да жүзеге асырыла бастады. Осылайша, қағазсыз технология бойынша жүк тасымалына келісімшарттар 1 000-нан астам клиенттермен жасалды.

БҮГІНГІ ТАҢДА ТЕМІРЖОЛДА ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТАСЫМАЛДАУ ҚҰЖАТТАРЫН ТОЛТЫРУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУДІҢ ОРТАТӘУЛІКТІК ПАЙЫЗЫ 94% ҚҰРАЙДЫ. 

Диспетчерлік аппараттың ескі тәсілдегі жұмыстарын автоматтандыру мақсатында Орындалған қозғалыстың кестесін жүргізу және талдаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Бұл жүйе кестені қолмен жасаудан пойыздар жұмысын басқарудың қағазсыз технологиясына көшуге мүмкіндік беріп, пойыздық диспетчерлер мен басқа да оперативті қызметкерлердің жұмыстарын автоматтандыруға қатысты міндеттердің шешімін табуда. Ал келесі бір жоба, Пойыздар мен вагондарды коммерциялық тексерудің автоматтандырылған жүйесі – вагондарға коммерциялық тексеру жүргізетін қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын арттыру және еңбек жағдайын жақсарту үшін енгізіліп отыр. Бұл жүйе жүктің бекітілу сапасын, жүк тиелімінің көлемін және пойыздар қозғалысы кезінде жылжымалы құрамның жоғары мөлшердегі габаритін бағалауға ықпал етеді. 

Жүк тасымалы саласына ертеректе енгізілген жүйенің бірі – Энергодиспетчерлік тартымдылықтың автоматтандырылған басқару жүйесі. Ол 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Аталған жүйенің көмегімен локомотив бригадаларының жұмыс уақытының нақты есебі жүргізіледі, сонымен қатар жұмсалған дизель отыны мен электроэнергиясының нақты шығыны әрбір локомотивтің атқарған жұмысының параметрлерімен, яғни қашықтық, қозғалыс жылдамдығы, жүк салмағы, жұмыс режимі, жол профилімен салыстырыла отырып есептеледі. Ал локомотивті пайдалану режимі немесе отынның нормадан ауытқыған шығыны кезінде жүйе сигнал береді. Жүк тасымалына енгізіліп жатқан цифрлық технологиялардың тиімді екенін уақыт өзі дәлелдеп беруде. Сала мамандары цифрлық трансформация үрдісі жалғаса беретінін айтады.