Жаңа технология - отандық өнім

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Құрметті теміржолшы Әкімжан Қосанов басқаратын Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары телімдерді алыстан басқарудың жаңа үлгісі - Микропроцессорлы диспетчерлік орталықтандыру (МП АСДЦ) құрылғысын қолданысқа енгізуде.

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға айтарлықтай үлес қосатын жаңа технология отандық өнім болып саналады. Ақтөбелік өнертапқыштар туындысы бұған дейін «Пойыздар қозғалысын орталықтан басқару» жобасы аясында Илецк теміржол торабы мен Орал бөлімшесінде қолданысқа енгізіліп, жоғары жұмыс өнімділігі мен тиімділігін байқатқан.

Дистанцияның Белкөл станциясындағы қосынында орналастырылған жаңа құрылғыны Еркін Оңалов, Нұрлан Жұманов бастаған электромеханиктер меңгеріп, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі болатын әсерлердің құрылғы көмегімен алдын алу жұмыстарын жасауда.

– Заманауи жаңа құрылғы бұған дейін қолданыста болған және тозығы жеткен ескі жүйе диспетчерлік басқару-ДЦ жүйесін алмастыруға бағытталған баламасы ретінде пайдаланылатын болады. МП АСДЦ жүйесі жылжымалы құрамдарды орталықтандырып басқарып, бақылау мен басқару ақпараттарын өңдеп алмасуда баламасыз технология болып саналады, – деп сипаттама берді отандық өнім болып саналатын жаңа құрылғы жайында Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының орталық және диспетчерлік бақылау постының аға электромеханигі Нұрлан Жәнібеков.

Ақтөбе қаласында жинақталып құрастырылған отандық өнімнің жұмыс ауқымы жүйесіне станциялық жолдар түгелімен енгізіліп, ондағы белгі беру сигналдары, байланыс құрылғылары, кірме жол секілді нысандар, бір сөзбен айтқанда, жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын реттеуге қатысатын бүкіл тетіктер осы құрылғыға енгізіліп, олардың жұмысы құрылғы мониторында бейнеленеді екен.

Құрылғының сыртқы қалып қорабы қара түсті болғандықтан әрі бекеттегі қыбыр еткен қимыл-қозғалысты жіпке тізіп, құжаттап отыратындықтан, теміржолшылар арасында «қара жәшік» деп аталып үлгеріпті.

Демек, енді бұған дейінгі есте сақтау құрылғыларына қосымша әрі заманауи жаңа үлгілі технология қолданысқа енгізіліп, пойыздардың қауіпсіз қозғалысы үшін қызмет көрсететін болады.

Белкөл-Шиелі телімінің Белкөл станциясына орналастырылған МП АСДЦ құрылғы жүйесі бөлімшедегі пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеді мамандар.