Жаңатас бағытында жолдар жаңарды

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Жамбыл өңіріндегі Тараз-Жаңатас бағытындағы темір жол учаскесі негізі қаланған 1954 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті. Соның салдарынан жүк тасымалының жылдамдығы айтарлықтай төмен болып келді. Сондықтан биылғы алғашқы жартыжылдықта Жамбыл жол дистанциясы аталған учаскенің Жұма-Тамды станцияларының арасындағы 37 шақырым жолына орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жол сапасын күшейтпек ниетте.

Қазір дистанция осы ауқымды жұмысқа мердігер ретінде тартылған «Ағадыр» жол дистанциясының көмегімен 9 шақырым жолды жөндеп қойыпты. Өткен жұма және сенбі күндері басшылықтан тағы 12 сағатқа «окно» сұрап, СМД техникасымен 1 шақырымға бұрын пайдаланылған жарамды материалдарды кәдеге жаратып, жұмысты жалғастырып жатыр.

– Бұл жұмыстар тектен-тек жүргізіліп жатқан жоқ. Облыстың химия индустриясынан айтарлықтай орын ала бастаған «ЕуроХим» компаниясы кейінгі уақытта өндіріс көлемін арттырып, темір жол мен химия кәсіпорны арасында жүк тасымалы бағытындағы әріптестік те артып келеді. Сондықтан осы учаскедегі жол сапасын жақсартып, пойыз жылдамдығын арттыру, қозғалыс қауіпсіздігін күшейту мәселесі өзекті болып отыр. Біз өз алдымызға 2020 жылға дейін 176 шақырымдық Тараз-Жаңатас учаскесін толық жөндеуден өткізуді жоспарладық. Жоғарыда айтылған 37 шақырымдық орта күшейту жұмыстары алғашқы жартыжылдықта аяқталуы керек. Егер тағы мүмкіндік болып жатса, биыл жыл соңына дейін 72 шақырымды жөндеуден өткізу көзделген. Бұл жоспар жүзеге асса, Қаратау станциясына дейін жетеміз, – дейді Жамбыл жол дистанциясының басшысы Жүнісбек Табылдиев.

Жолдың негізі болып отырған шпалдар дені ағаштан дайындалған. Олардың көпшілігі бүгінде тозығы жеткен екен. Соның салдарынан пойыз жылдамдығын 40-25 шақырым/сағаттан асыра алмай отыр. Өйткені шпалдардың жағдайы нашар. Тіпті 50 пайызға дейін жарамсыз. Сол себепті қазір бұрын пайдаланылған жарамды темір-бетон жолдар салынуда. Осы жұмыстар аяқталса, дистанция басшылығы мұндағы жылдамдықты 60-80 шақырымсағатқа көтермекші. Тараз бен Жаңатас станцияларының арасы 176 шақырым ғана болғанымен, мұнда жүк тасымалы қыз-қыз қайнап жатады. Өйткені тек «ЕуроХим» ғана емес, еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де фосфор мен минералды тыңайтқыштар түріндегі түрлі өнімдері осы учаскедегі станциялар арасында күндіз-түні тынбай тасымалданады. Осы жол арқылы экспортқа жіберіліп жатқандары да бар.

– Бұл учаскеде жылда сегіз мыңға дейін шпал ауыстырылады. Осы жақтан шыққандардың ішінен де мүмкіндігінше жарамдыларын іріктеп алып, өзге учаскелерге қойып жатырмыз. Биыл 14 мыңдай ағашшпал ауыстыру жоспарланған. Бұлардың дені – екінші типтегілер. Бұлар 4-5-класты жолға кіретін ТаразЖаңатас учаскесіне беріледі. Жалпы, мақсат төменгі класты болып келетін ағаш шпалдардан құтылу. Қазір басымдық мүмкіндігінше темір-бетон шпалдарды пайдалануға берілуде. Дегенмен, бағыттамалық жетектерде (стрелочный привод), станциялық, сұрыптау жолдарында әлі күнге дейін ағаш шпалдар қолданылып отыр. Күрделі жұмыстардан кейін шығып жатқан рельс-шпал торкөздерін жолдарды орташа күшейту жұмыстарына жаратып жатырмыз. Былтыр өзімізде 24 шақырым күрделі жөндеу жүргізіліп, соның 15 шақырымын Луговойға жинап қойғанбыз. Осы жол материалдарын Тараз-Жаңатас учаскесіне салайық деп отырмыз. 15 шақырымды Қазалыдан алдық. Балқаштан 7 шақырым жеткізіп жатырмыз, – дейді дистанция басшысы.

Мұнда негізінен жөндеумен «Ағадыр» жол дистанциясының ПЧМ жұмысшылары айналысуда. Ал жергілікті дистанция көбіне материалдармен қамтамасыз етіп, қосымша мамандарын да жұмылдырып отыр. Жұмыс басында қазір ПМЧ «Ағадырдан» – 25, Жамбылдан оншақты жұмысшы жүр.