Болашақ станциясының бағасы жоғары

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Бұл жыл пандемияға байланысты карантиндік шаралардың енгізілуімен ерекшеленді. Соған қарамастан темір жолда барлық станциялар санитарлық талаптарды орындай отыра, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Солардың қатарында Маңғыстау түбегіндегі шекаралық Болашақ станциясы да бар. Станция ұжымы індетке қарамастан өткен жылғы жүк тасымалы көрсеткішін сақтап қалды. 

Жуырда станцияда жылдағыдай жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізіліп, Маңғыстау ЖТ бөлімшесі басшылары, ревизорлар аппараты және көліктегі бақылау қызметі мамандары қозғалыс қауіпсіздігі, пойыздардың уақытында тапсырылып, қабылдануы, жұмысшылардың қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау талаптарын сақтауы, лауазымдық міндеттемелерін дұрыс орындауын тексерді. Өткен 11 айда станцияға 390 пойыз, 18236 вагон қабылданып, 80402 тонна жүк өткен. Сол сияқты осы аралықта 376 пойыз, 17636 вагон тапсырылып, 975103 тонна жүк өткізілген. Былтыр бұл көрсеткіш осы сәйкес кезең аралығында 769 пойызды құрады. Осы жұмыстарды атқаратын Болашақ станциясының құрылымдық мекемелері мен станцияның өз жұмысын басшылық келіп тексеріп, оң бағасын берді. 

Бүгінгі таңда Болашақ станциясында 68 адам еңбек етеді. Соның ішінде кезекшілер, пойыз құрастырушылар, белгі берушілер, БАЖ операторлары, тасымал құжаттарын өңдеу операторы, тауар кассирлері, шекара бойынша жүк тапсыру агенттері, жүк пойызын қабылдаушылар, коммерциялық тексеру пунктінің бригадирі, технологиялық орталықтың бастығы, жүктерді іздестіру агенті және станция бастығының екі бірдей орынбасары, бас инженер мен станция бастығы да бар. 

– Карантинге байланысты түрікмендер сәуірдің бірінен бастап бізге келіп жатқан жоқ. Біз тек бір жақты алмасу жұмыстарын жүргіздік. Бір айта кетерлігі – екі ортада ағытылып жатқан вагондар көбейіп кетті. 

Басқа қиындық көрген жоқпыз.

Әдеттегідей жұмыс тәртібін сақтап, тасымалды қамтамасыз еттік, – дейді станция бастығы Мақсат Нұрбеков. 

 Биыл шекаралық Болашақ станциясы арқылы көрші Түркіменстанға қарай картоп, концентрат, ұн, пиломатериал, бидай, автокөлік бөлшектері, зарарсыздандыру құралдары, асбест, катанка, макарондар, күнбағыс майы көп жөнелтілді. Ал Қазақстанға қарай өтіп, станция арқылы қабылданған жүктерді негізінен полиэтилен, шыны ыдыстар, жеміс-жидектер, қойылтылған сүт, алма, жүзім, битум, тігін құралдары, төсек орындар, мотор майлары, алкида майы құрады.