Күрделі жөндеу көрмек

Арақашықтығы 176 шақырымды құрайтын Тараз-Жаңатас учаскесі Жамбыл темір жолынын нағыз жүк тасымалы қайнаған бөлігі. Өйткені бұл бағыттағы болат жолдың бойында өңір тұрмақ еліміздегі химия өндірісінің көшін бастаған алып химия кәсіпорындары орын тепкен.

Мәселен, отандық химия индустриясының жүрегі саналатын «Қазфосфат» ЖШС-нің ірі зауыттары мен өндірістік цехтары осы учаскедегі станциялар арқылы өнімдерін елімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортқа шығарып келеді. Соңғы жылдары Жаңатас маңынан химия өндірісінің көрігін қыздыра түскен «Еврохим» компаниясы да экспорт көлемін арттыра бастады. Соған байланысты ҚТЖ басшылығы аталған учаске рельстерінің сапасын жақсартып, қауіпсіздігін күшейтуді көздеп отыр.

Биылдан бастап ПЧ-51 Жамбыл жол дистанциясы осы 176 км жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастамақ. Дистанция басшысы Жүнісбек Табылдиевтің айтуынша, жол сапасының төмендігіне байланысты пойыздар бүгінгі күнде ол телімде жоғары жылдамдықпен жүре алмай келеді. Айта кетерлігі, бұл учаскеге күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 1954 жылы жүргізілген екен.

– Жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ағаш шпалдардың беріктігін арттырып қоятынымыз болмаса, бұл жол күрделі жөндеуді жарты ғасырдан астам уақыт көрмеген. «Еврохим» жүк тасымалы көлемін көбейтіп жатқанына байланысты біз ең алдымен пойыздардың қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттыруды көздеп отырмыз. Айталық, былтырдан бері Жұма-Тамды перегонының 65-79-км аралығына сағатына 25 км жылдамдық шектеуін қоюға мәжбүр болдық. Өйткені, ондағы 2-типті ағаш шпалдардың әлсіздігіне байланысты рельс пойыздардың үлкен салмағы мен жылдамдығын көтере алмайды. Бірінші кезекте осы аралықтағы шпалдарды темір-бетонға ауыстыруды жоспарлап, бүгінде Қазалы мен Балқаштан материалдар алдырып жатырмыз. Қазір 4,8 км жолдың шпалын жеткізіп алдық. Жұмысты алдағы сәуір айында бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді дистанция бастығы Жүнісбек Табылдиев.

Дара жолды Тараз-Жаңатас учаскесінің 37 шақырым жолында бұйыртса биылдан бастап жөндеу жұмыстары қызғалы тұр. Жұмысты «ПЧМ Ағадыр» кәсіпорыны жүргізбек.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, Тараз