Жолаушылар сеніміне апарар жол

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Жолаушылар тасымалы қызметінің сапасы – жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Вагондардың санитарлық жағдайы мен билетсіз жолаушыларға қатысты шағымдар мен өтініштерді жиі естиміз. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мекемесі қоғам ұсынысын қалай қабылдайды? Президент айтқан «естуші үкімет» қағидасын алпауыт компания қалай жүзеге асырып жатыр? Ел басына күн туған пандемия кезінде жолаушылар тасымалы қызметі әлеуметтік маңызды арттыра алды ма?

«Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының Ақтөбе бойынша директоры Ердәулет Сейітқазиновтан осы және басқа сауалдарымызға жауап алуға тырыстық. 

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «СамұрықҚазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да тұтынушыға тиімді қызмет ұсыну үшін жасалып жатқан жаңа жобалар аз емес. Компания тиімділікті арттыратын қызмет көрсету сапасына көп көңіл бөліп отыр. Мақсат – ел арасындағы тасымал қызметін халықаралық талапқа сай көтеру. Компанияда цифрландыру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. 

«Жолаушылар тасымалы» АҚ электронды билет сатуды жетілдіру үшін Android платформасында жол жүру құжаттары сатылатын «ҚТЖ билеттері» мобилдік қосымшасының іске қосылуы – осының дәлелі. Акционерлік қоғам тұтынушылармен тікелей байланыс үшін электронды нұсқада сауалнамалар жүргізетін болды. 

Жаңа бастамаларға бет түзеген филиалда тәртіп қатаң, – деген Ердәулет Сейітқазиновтың мәліметінше, 2020 жылдың 11 айында заң бұзушылықтың 30 фактісі анықталған. Оның жетеуі билетсіз жолаушы болса, қалғаны 3720 келі тіркелмеген жүк багажына қатысты. Осы деректер негізінде филиал қызметкерлеріне қатаң шаралар қолданылып, 8 адам қатаң сөгіс, тағы бірсыпырасы ескерту алса, 21 адаммен еңбек шарты бұзылған. 

– Бүгінде жолаушылардың ұсынысшағымына бірінші кезекте назар аударылады. 2020 жылдың 11 айында вагондардың техникалық жағдайы, антисанитарлық жай-күйі, пойыз қызметкерлерінің этикалық мінезқұлқы мен пойыз құрамындағы жұмысшыларының жауапкершілігіне қатысты 16 шағым түсті. Осы шағымдар бойынша 5 қызметкерге қатаң сөгіс, 15 адамға сөгіс беріліп, 6 адам ескерту алды. Сондықтан, соңғы кезде жолсеріктер арасында да заң бұзушылықтар күрт азайғанын қуана жеткіземіз. Біз – ұлттық тасымалдаушы деген атқа сай болуымыз керек. Жолаушыға қызмет көрсету деңгейін арттыруды, сервисті жақсартуды ойлауымыз керек. Әр жолаушыға жағымды әсер қалдыруға тиіспіз. 2020-2021 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін филиал қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың ережелері түсіндіріледі, – дейді Ердәулет Сейітқазинов. 

«Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалға 11 маршрутты қамтамасыз етіп отырған Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал және Қызылорда учаскелері қарайды. 

Штатта 1882 адам еңбек етеді. Батыс аймақтың аумағы бойынша барлығы 521 вагон бар. Вокзалдарда 141 билет кассасы жұмыс істеп тұр. Әлемде тараған пандемия кезінде жолаушылар тасымалы қызметінің әлеуметтік маңызы бұрынғыдан да арта түскені белгілі. Жолаушылар қауіпсіздігіне баса көңіл бөлініп, індеттің тарау қаупінің алдын алу мақсатында бірнеше рейс тоқтатылды. Компания билеттердің баға саясатын тұрақты ұстап, билеттерді кері қайтаруда да барынша жеңілдіктер жасалуда. 

Вагондардағы тазалық пен вирусқа қарсы қауіпсіздік қатаң сақталуы талап етілуде. Нәтижесінде Қазақстан теміржолындағы жолаушылар пойыздарының қызметін пайдалану кезінде індет жұқтырғандар тіркелген жоқ. Әр рейс алдында әрбір вагон толық тазаланып, зарарсыздандырылады. Еден, төбе, үстелдер, дивандар мен терезелердің бәрі өңделеді. Дезинфекция жұмыстары санитарлық ереже талаптарына сай сулау, булау, сүрту препараттары арқылы жүргізіледі. Бұл – жолаушылар сеніміне апарар жол.