Тәртіп сақшыларына алғысы шексіз

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жақында «Маңғыстау-Алматы» пойызының жолаушысы Маңғыстау станциясына келіп жоғалтқан 4 млн теңгесін іздеп, тапқан адамнан қайтаруды өтінген хабарламалар ватсап желісінде желдей ескенді. Қазір аталған азамат жоғалған қаражатын қолына алып, қуанышымен бөлісуде. 

Шымкент қаласындағы үйін сатып, ақшаның жартысын сөмкеге салып Маңғыстау бағытында жолға шыққан Асқар Жоланов есімді азамат 27 қараша күні таңда Маңғыстау станциясына жетеді. Вагоннан түсіп, сөмкелерін алып, әрі қарай көлікке отырмақ болғанда ақша салынған сөмкенің жоқтығын байқайды. Сөмкеде керекті құжаттар да болған. Қапелімде қомақты қаражаттан айрылып қалған азамат бірден сөмкені өзі іздеуге кіріседі. Бірақ нәтиже болмағасын Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне барып арыз жазады. Көлік полицейлері жедел әрекет етіп, жоғалған 4 млн теңгені тауып, иесіне қайтарады. 

− Бұл азамат Шымкент қаласындағы үйін сатып, ақшасының жартысына Ақтау қаласынан баспана алуды, қалған бөлігін ауырып жүрген баласының еміне жұмсауды мақсат еткен екен. Байқаусызда Ақтауға алып шыққан 4 млн теңгесінен айрылып қалып, бізге келді. Арыз түскеннен жедел із кесіп, әрекетке кірістік.

Барлық аумаққа жаяу рейд жүргіздік. Арызданушы азамат отырған пойыз вагонының әрбір жолаушысын тізімдеп, тексеріске шықтық. Олармен байланысқа шығып, мекенжайына дейін іздеп бардық. Сөмкенің бөтен жолаушының қолында кеткенін анықтап, оны жеке мекенжайдан таптық, – дейді Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Қуанышкерей Қызылбаев.

Желілік полиция өкілінің сөзінше, вокзал аумағы үлкен және оған келіп-кетіп жатқан жолаушылар көп болғандықтан іздеу процесі онай болмаған. Бес күнге созылған. Жолаушы азамат ақша салынған сөмкесін пойыздан түскен уақытта перронда қалдырған. Ал оны белгісіз азамат өзімен бірге алып кеткен.