Тастанды пойыздар қалыптасуына жол жоқ

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша ағымдағы жылы баса көңіл аударған жоспарлы шаралардың бірі жол айрықтарында тастанды пойыздардың қалыптасуына ықпал ететін жайттардың алдын алу болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы қолға алынған тың әдіс-тәсілдер өз нәтижесін беруде.

Бөлімше бойынша жүк пойыздарының станцияларда белгіленген уақытынан артық кідіріп қалуы – осыған дейін де «бас ауыртып» келген күрмеулі мәселе. 

Оған себеп, бөлімшенің іргелес Ресей мен Қытай елімен шектесетін Алматы ЖТ бөлімшесіне пойыздар жөнелтуде туындайтын қиындықтар болатын. 

Әсіресе, жүк тиелген транзиттік вагондардың көрші бөлімшеден келуі тиіс тепловозды күтіп тұрып қалуы – жиі орын алатын жағдай. Диспетчерлік қызметтің жетілдірілуі және бөлімшелер басшыларының осыған дейін жүргізілген келіссөздері нәтижесінде бұл келеңсіздік биылғы жылы біршама төмендеді. 

Мәселен, вагондардың шекаралық аумақтағы техникалық станцияларда тұрып қалуы ағымдағы жылдың 10 айы бойынша 13,66 сағат қана болған. 

Бұл – бұрынғы жылдарға қарағанда біршама төмен көрсеткіш. 

– Жыл үлесіндегі қол жеткізілген нәтижені әлі де төмендетіп, жоспар бойынша пойыздар кідірісіне біршама аз уақыт белгілеуге болар еді. Биылғы карантиндік шектеулер әсер етті. Әсіресе, Ресеймен шектесетін Ауыл станциясында шекарадағы құжаттық тексерістер, тепловоздарды дезинфекциялау сынды шаралар уақыт алып қойды, – дейді бөлімшенің өндірістік-техникалық бөлімінің мамандары. 

Айта кетер бір жайт, тастанды пойыздарды болдырмау мақсатында локомотив бригадасының ортатәуліктік өнімділігін арттыруға да мән берілген. 

Яғни, Алматы, Павлодар және көрші елдің Батыс Сібір бөлімшесінен қабылданатын пойыздар кідіртілмейді деген сөз. Бұл бағыттағы жұмыс өнімділігі 101,8 пайызға орындалған. 

Осынау шаралардың сыртында телімдік жылдамдық, вагон айналымы, тораптық станциялардағы пойыздарды сұрыптау да жоғарылаған. Соның нәтижесінде жүк вагондарының динамикалық жүктемесі жоспар бойынша 104,0 пайыз орындалды. 

Семей ЖТ бөлімшесі еліміздің күнгейін Ресейдің Сібір бөлігіндегі ірі өнеркәсіптік аймақтарымен жалғайтындықтан, әрі Орта Азиядан қабылданатын транзиттік жүктер ағынын қамтамасыз ететіндіктен аталмыш бағыттағы шаралардың жоспар аясында жүзеге асырылуына күш салынады. Яғни, жүк пойыздары діттеген жеріне кідіріссіз жетуі тиіс. 

Биылғы шаралар жоғары нәтиже берді деуге болмағанымен жылдағы көрсеткіштермен салыстырғанда біршама ілгерілеу бар. Соңғы он айдағы іс-шаралардан жиналған тәжірибе алдағы уақыттарда бөлімше бойынша өткізілетін техникалық дәрістер мен семинар-кеңестерде кеңінен талқыланып, қызметтік дағдыға енгізілмек. 

Бөлімшенің көрсеткіштеріне Өскемен өңіріндегі эксплуатациялық жұмыстар да әсері барын ескеру керек. Биылғы жылы біріккен қос бөлімшенің көрсеткіштері әзірше екі бөлек есептеледі.