Екінші лекпен соңғы топ аттанды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Өткен апта Батыс өңірдегі «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» жобасын жүзеге асыруға мамандар тобының алғашқы легі аттанғанын хабарлаған болатынбыз. Өткен демалыс күні екінші лекпен соңғы топ аттанды. 

Он екі маманды Атырау вокзалынан Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Дархан Құланбаев пен Атырау магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Елеубай Сапаров бастаған теміржолшылар мен ардагерлер шығарып салды. Басшылар бұл жобаның берер нәтижесі мен мүмкіндігі зор десе, өмір бойы бөлімшенің диспетчерлік орталығында еңбек еткен зейнеткер Қонысбай Тыныштықбаев, Есенжол Қарпиқов сынды ардагерлер еңбектің қай жерде де абыройлы екенін айтып, жастарға ақ жол тіледі. 

Осымен Ақтөбеге Атыраудан бөлімше кезекші диспетчері, пойыз диспетчері, локомотив және жүк диспетчерлері, барлығы 28 маман тұрақты жұмысқа аттанды. Бұған дейін айтқанымыздай, «Шақырылған мамандар» статусына ие болған оларға барлық жағдай жасалады. Ең алдымен арнайы еңбекақы тағайындалады. 70 мыға дейінгі жалдамалы пәтермен қамтамасыз етіледі. Маманның өзінен бөлек, әр отбасы мүшелеріне айлықтың 25 пайызы төленеді, балаларын мектепке не балабақшаға, жұбайларын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасалады. Жұмыс тәртібі бұрынғыша 12 сағаттан ауысымдық режимде өзгеріссіз қалады. 

Батыс өңірде микропроцессорлық диспетчерлік орталық ашу пойыздағы пайдаланым жұмыстарының нәтижелілігін арттырады. Соның ішінде: вагондардың тұрып қалуын азайту, пойыздар қозғалысының жылдамдығын арттыру, вагон айналымын азайту, локомотив паркін қысқарту, отын-энергетикалық шығынды азайту. Міне, орталыққа жұмысқа бара жатқан мамандар алдымен осы жетістіктерге жетуді көздейді. Айтқандай, орталық өз жұмысын бастағалы бері Атырау өңірінде пойыздар қозғалысында, қауіпсіздік мәселелері бойынша мәселе туындамаған, жолаушы және жүк пойыздары кестеге сай жүріп тұр. «Айта кетерлік жайт, Атыраудағы демонтаж жұмыстары және оларды Ақтөбеде іске қосу қазан айының 11-не белгіленгенмен, 6-сы күні мерзімінен бұрын түгел іске қосылды. Яғни, Атыраудағы бұрынғы алты пойыздық учаске: Сағыз-Мақат, Мақат торабы, Мақат-Атырау, Атырау-Исатай, Исатай-Қиғаш, МақатҚұлсары жаңаша жұмысын бастады. Соның ішінде Атырау-Исатай, Исатай-Қиғаш учаскелері біріктіріліп, оптимизация жасалды», – дейді бөлімше басшысының бірінші орынбасары Самат Құлмаханов.