Үздік челленджге - кітап

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Ұлттық компанияның «ҚТЖ 100 жас есім» жобасы бойынша үшінші модульдік оқуда үздік нәтиже көрсеткен 5 теміржолшы ерекше сыйлықтарға ие болды. 

Өткен екінші модуль соңында «Өзің үшін. ҚТЖ үшін. Ел үшін» деген тақырыпта челлендж жасау тапсырмасы берілген болатын. Соның нәтижесінде ең жылдам әрі мағыналы дүние жасаған 5 жас теміржолшы таңдап алынды. Оларды басшылық үшінші модульді өткізу барысында арнайы сыйлықтар – өзін-өзі дамытуға арналған кітаптармен марапаттады. Атап айтқанда, олар «Нұрлы жол» вокзалының кезекшісі Кәмшат Тиштыкбаева, Қостанай станциясының СЦБ электр механигі Дастан Жұрқабаев, Орал локомотив пайдалану депосының машинист көмекшісі Руслан Ермұқанбетов, Алтынкөл станциясы өндірістік-техникалық бөлім бастығы Елдар Байсаков, «Қазтеміртранс» АҚ бас маманы Дархан Нұрғали болатын. 

– Мен өткен модульде соңғы тапсырманы дұрыс және жылдам орындап көзге түстім.

Мәселен, Өзім үшін деген челлендж бойынша 4 кітап оқып, соған бейне пікір жасадым. ҚТЖ үшін тақырыбында бөлімше туралы, өзім жайлы жазылған мақалалармен бөлістім. Ал Ел үшін тақырыбында бейнежазбаға тыныс алу гимнастикасын жасап түсірдім, – дейді жеңімпаздардың бірі Елдар Байсаков. 

Елдардың айтуынша, модульдік оқыту жобасы оларды жеке тұлғалық және кәсіби жағынан өсіреді. Бұл жұмыс барысында кездесетін түрлі тапсырмаларды орындауда барынша жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді. Оқу барысында тиімді коммуникациялар, іскерлік жазба алмасулар, кикілжіңді басқару бойынша үйренгендері қызметте қазірден-ақ олардың кәделеріне жарауда. Ал команда құру бойынша тренингтер – жұмыста топ болып жасайтын міндеттерді орындауда жақсы көмегін береді. Жеңімпаздарға қазіргі заманда аса танымал авторлардың өзіңді өзің дамытуға, көшбасшылық қасиеттерді жетілдіруге бағытталған кітаптар сыйға берілді.