Әкелер даңқы өшпейді

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Руслан Таңатаровтың енді басталған еңбек жолы жас әріптестеріне өнеге боларлық. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Сарышаған станциясын басқарып, жас та болса бас болып жүрген азаматқа басшылық тарапынан жауапты станция жұмысының сеніп тапсырылуы да бекер емес.

Сарышаған – үлкен магистральдың бойында орналасқан, транзиттік пойыздар қозғалысы бір тынбайтын, тірлігі мазасыз да қауырт станция. 

Алпысқа тарта теміржолшылар еңбек ететін бекетте жергілікті жүк тиеу мен түсіру операциялары да жүреді. Осындай ауқымды станция жұмысын шашау шығармай басқарып отырған отыз жастағы жігіт те осал емес. 

Қызылорда облысы Арал ауданы аумағындағы Шөміш станциясында көп балалы теміржолшының отбасында дүниеге келген оған теміржол жұмысы бала кезден таңсық емес. Атасы Үсен отыз жыл жолшы болса, әкесі Таңатар ұзақ жылдар бойы теміржол саласында, белгі беру-байланыс дистанциясында электромеханик болып еңбек етіпті. 2005 жылы дүниеден озған әкенің Русландай ізбасарын тәрбиелеп кеткені – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі емей не?! 

Сол жылы Руслан мектеп бітіргелі жүрген он сегіз жастағы бозбала еді. Ол бастапқыда заңгер мамандығы бойынша білім алып, әділет жаршысы болуды армандады. Алайда, «Менің жолымды жеті баламның ішінен біреуі қуу керек қой» деген әке сөзінен кейін Руслан теміржолшы болуға бекінді. 

«Оның үстіне сол жылы тағдырдың жазуымен әкемізден айрылып қалған соң, оның сөзін өзіме өсиет деп қабылдадым. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеуден барымды салып, жоғары балл жинап, теміржол саласына бет бұрдым», – дейді жас маман. 

Руслан Таңатаров Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Қызылордаға жақын Ақтөбе филиалына құжаттарын тапсырып, студент атанады. Білім ордасында грантпен төрт жыл оқып, білім алады. Бітірген соң сол кездегі «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің жолдамасымен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты шағын ғана Жастар станциясының кезекшісі болып барады. Содан бері аққан судай зымырап он жыл уақыт өтіпті. Қозғалыс саласының барлық қызмет сатысынан өтіп, станция бастығы дәрежесіне көтерілген Руслан бүгінде тәжірибелі теміржолшы. Аталар жүрген ізбенен жүріп келеді. 

 Сарышағанға келген соң шаңырақ көтеріп, бүгінде жарасымды жанұясын құрып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Олардың да бірі болмаса, бірі ізін жалғайтынына сенімді. Өйткен, атасы, әкесі, өзі салған соқпақ жалғасын табатыны сөзсіз. Өңірдегі ең жас станция бастығы Руслан Таңатаровтың енді ғана басталған еңбек жолы осындай. Алда жемісті жылдар күтіп тұрғанына тағы сенімді...