Тәуелсіздік құрдастары

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол» станциясының орталықтандырылған қосын кезекшісі Айдос Боранбай Жамбыл өңіріндегі темір жолы жоқ Ақсүйек деген шағын ауылда туған. 

4 жасында ата-анасымен Шығанақ   станциясындағы туыстарына қонаққа барғаны есінде. Сол ауылда ол бірінші рет ерсілі-қарсылы жүріп жатқан алып пойыздарды көрген еді... 

Сол кезде әлі бала болса да, оның қиялында осы пойыздарды жүргізсем деген арман пайда болады. Сол арманымен мектептен кейін Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы ҚазККА-на «Тасымалды ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бітіргесін жолдамамен Қапшағай станциясына пойыз құрастырушы болып жұмысқа орналасады. Бұл жерде ол еңбек жолын бастап қана қоймай, үлкен тәжірибе жинақтайды. Содан кейін үлкен станцияларда жұмыс істеуді мақсат етіп, Астана станциясына жұмысын ауыстырады. 

Бір жылдан кейін 2017 жылы жаңа вокзал ашылып, пойыз құрастырушы болып жұмысқа қабылданады. Өз жұмысына деген жауапкершілігін көрсете білген оны басшылық жолаушылар паркінің кезекшісі қызметіне көтереді. 

– Менің балалық арманым орындалды. Мен бүгінде пойыздар қозғалысын басқарумен айналысамын. Бірақ менің жетістіктерім тек мұнымен тоқтап қалмайды. Бұдан да үлкен мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылатын боламын, – дейді Айдос. 

Тәуелсіздік құрдасы өзін ҚТЖ сынды үлкен компанияның бір бөлшегі ретінде сезінеді және соны мақтаныш етеді. Орталықтандырылған қосын кезекшісінің қызметтік міндетіне пойыздарды қабылдау және жөнелтуді жоспарлау, яғни оларды қай жолда қабылдап, қай жолдан жіберу керектігін анықтау жатады. 

Кейде жолаушылар пойыздары кестедегі уақыттан кеш немесе ерте келуі мүмкін.

Мұндай пойыздар бұл станция үшін қолайсыз. Себебі станция тұйық болғандықтан олар басқа өз уақытымен келетін пойыздардың станцияға келуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сөйтіп бұл қозғалыста «домино» тәсілі ойнап кетеді. Міне, сондай кездерде Айдос сияқты кезекшілер пойыздардың бәріне қолайлы, олардың бәрін уақытында қабылдап, дер кезінде жөнелтетіндей етіп шешім қабылдауы керек болады. Бұдан басқа ол пойыз құжаттамаларын, аралас қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Қазір оның қызметі бойынша вокзалда 4 қызметкер еңбек етеді. Олар әрқайсысы бір ауысымда 12 сағат жұмыс істейді. 

Биыл Айдос әке атанып, ұлды болды.

«Мен тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген болсам, ұлым оның 29-шы жылында туды. Біз мемлекетімізбен бірге аяқтан тұрып, бала кезімізде оның ең қиын кезеңдерін білмей өткіздік. Ал біздің ұрпақтарымыз еліміздің гүлденіп, дамып жатқан тұсында жарық дүние есігін ашып жатыр. Олар – бүгіннен де мықты Қазақстанда өмір сүретініне сенемін», – дейді кейіпкеріміз.