Пойыз дөңгелектерінен «сыр тартып»

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Қолына ұзын сапты балға ұстап вагон дөңгелектерін ұрғылап кетіп бара жатқан сары желет киген теміржолшыны пойызбен жол жүрген әрбір жолаушы көрген болар. Станцияға аялдаған пойыздың дөңгелектерінен «сыр тартып» жүрген вагон қараушының жұмысы бір қарағанға жеңіл әрі оңай сияқты болып көрінер, шындығында, солай ма?

Арыс вагон пайдалану депосына қарасты Түркістан станциясы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің аға вагон қараушысы Әділхан Қожабековтің жұмысын бақылап, теміржолдың қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты вагоншылардың еңбегі ұшан-теңіз екеніне көз жеткіздік. Темір табан жолдың үстінде зырлап жатқан құрамдарға күтім жасау, қауіпсіздігін қамамасыз ету – барлық теміржолшының міндеті. Тек әр сала өз міндетін атқарады. Вагон қараушы келген-кеткен әрбір пойызды тексереді, вагондарының дөңгелектерінің ақаулыақаусызын сүзгіден өткізіп, келесі станциядағы әріптесіне жөнелтеді. Ол әрі қарай жібереді, тізбек осылай жалғаса береді. Осы вагоншының қырағылығы болмаса, жаман айтпай жақсы жоқ, орны толмас апат орын алуы әбден мүмкін. 

Еңбек өтіліне биыл 20 жыл толатын Әділхан Қожабеков өз жұмысын тәптіштеп түсіндіруге тырысты. «Мынау менің қолымдағы «контрольный балға». 

Біз мұны вагон дөңгелегінің ақауы барын тексеру үшін қолданамыз. Біз дөңгелекті ұрған кезде екі рет дыбыс шықса, демек ақау бар деген сөз. Сондай-ақ ақау болса, ішкі жағынан да тағы бір дыбыс шығады. 

Бұл күнделікті тұрмыста қолданып жүрген балға емес, арнайы жасалған, салмағы – 200 грамм. Дөңгелектің артына қарап, оның буксының жылжығанын да біле аламыз. Ал подшивка бұзылған болса, май шашырайды», – дейді Ә.Қожабеков. 

Әділхан 2005-2006 жылдары жүк пойызынан бірнеше ақау анықтаған екен. Айтуынша, вагондағы ақауларды мүлт жіберіп алудан вагонның рельстен шығып кетуі орын алып жатады. Ақаулы вагон құласа, басқалары да соңынан құлайды. Апат деген осы. 

Әр кезекшілігінде станциядан қанша жолаушылар пойызы мен жүк пойызы өтеді, бәрін тексеріп шығады. Айталық, әр құрамда 60 вагон бар, ал бір вагонда 4 букс, яғни бір ғана құрамнан вагоншылар 240 букс қарап шығады деген сөз. 

Демек, күніне мыңнан аса вагонның дөңгелегін тексеріп шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне, кейде дөңгелекті тексеру үшін алақанның ішімен емес, сыртымен тексереді. Себебі, алақанның ішкі жағы қауіптің барын сезбейді екен. 

– Ақау анықталған жағдайда вагон ағытылып, цехқа жіберіледі. Ол кейін жөндеуден өткен соң кез келген вагон, пойызға тіркеп жібере аламыз. 

Себебі әр вагонның өз құжаты бар. Бір вагонға бола бүкіл құрамды теміржолда қаңтарып ұстап тұрмайды ғой. Мысалы, Қызылорданың вагоны болса да қай бағыттан келе жатқан пойыз болсын, тіркеп жібересің. Олар өздері біліп отырады, келген кезде вагонын күтіп алады», – деп жұмысының қыр-сырын түсіндірді. 

Теміржолда жүк вагонының түр-түрі бар. Мәселен, ашық платформаларға ағаш, бетон артылса, рефрижераторларға ет, басқа да еріп кетпеуі тиіс заттар тиеледі, мұнай-газ цистерналары мен бидай, цемент таситын, ашық вагон, жабық вагон, т.т. Бір вагонның салмағы 66 тоннаға дейін барады. Бұдан бөлек, әрбір елдің өз коды бар. Украина 22, ТМД 20 Ресей, Қазақстан 27, Өзбекстан 29, Белоруссияның коды 21 болып келеді екен. Әділхан Қожабеков мұны әрбір вагоншы бес саусақтай білуі тиіс дейді.