Теміржолшы - тәуелсіздік құрдасы

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Нұрболаттың арманы – әкесі сияқты Құрметті теміржолшы атанып, өз жобаларымен теміржолға тың серпіліс әкелу. Тәуелсіздік құрдасы деген абыройлы атқа ие жас отызында орда бұзып, қырықта қамал алуға дайын. 

1991 жылы Бейнеу ауданында теміржолшылар жанұясында дүниеге келген Нұрболаттың әкесі Арапа Ағатаев – өмірін осы салаға арнаған ардагер. 

Вагон қараушы, слесарь, машинист көмекшісі, машинист, депо кезекшісі, машинист-нұсқаушы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазір колледжде шәкірт тәрбиелеп, болашақ теміржолшыларға ұстаздық етуде. Сондықтан Нұрболат жастайынан темір жолдағы қайнап жатқан тірлікті көріп, қызыға өскені аян. 

2008 жылы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түседі.

Оны бітірген соң 2013 жылы Маңғыстау локомотив депосына машинист көмекшісі болып жұмысқа кіреді. Сол жылы алматылық ару Мақпалға үйленіп, еңбек жолымен бірге отбасылық өмірін де бастайды. Қазір бақытты шаңырақтың иесі. Рамина есімді бір қыздың әкесі. Сай-Өтес, Өзен бағытында қатынайтын жүк пойызында машинист көмекшісі. 

− Балалық шағымда әкеммен бірге теміржолдағы мерекелерге, түрлі ісшараларға барып, домбыра тартып, өнер көрсетіп жүрдім. Машинист кезінде тепловозға да мінгізетін. Осы алып машинаны өзім де жүргізуді армандайтынмын. 

Қазір машинист Тәуекел Сейтқұлиевтің көмекшісімін. Жұмыста ол кісіден өзге тәжірибелі машинистерден, үйде әкемнен үйренемін. «Отарбаны» жүргізуге солай дайындалу үстіндемін. Қазір жұмысқа алғаш келген күндерді ойласам күлкім келеді. Жаспын. Теориялық білім болса да тәжірибе жоқ. Темір жол жұмысы, тепловозды басқару сонау баяғы бала қиялдағыдай қызықты ғана емес, қиын да екен. Бірде тепловоз жолда бұзылып, тұрып қалдық. Сонда бір нәрсені дұрыс білмегенім үшін машинистің қатты ұрысқаны есімде. Сөз сүйегімнен өтіп кетті. 

Сол оқиға намысымды қайрап, істеген ісіме енді ешкім мін таға алмастай болуым керек деп өзіме уәде еттім, – деген Нұрболаттың алға қойған жоспарлары көп. Ең біріншісі – мықты машинист болу. Ол арманына жетуге, міне, бір-ақ қадам қалды. Жақында машинист курсын бітіріп, емтихан тапсырды. Онан соң әріптестерімен бірге үш жігіт болып жасаған өнертапқыштық жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба өткен жылы облыстық деңгейде бірінші орын алған еді. Онымен былтыр елордада өткен X республикалық жастар форумына да қатысып қайтты.

− Жобамыз «Локомотив қауіпсіздік құрылғысы» деп аталады. Оның басты мақсаты – қауіпсіздікті сақтау, теміржол қаражатын босқа ысырап қылмау. Себебі тепловоздары мал қағып кетсе, көп шығын шығады. Соның алдын алу үшін тепловозға арнайы қауіпсіздік құралын орнатуды ұсынып отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласында өткен жылғы форумда жоба жұртты қызықтырғанмен, оны жүзеге асыруға біраз қаражат қажет болатындықтан кейінге қалдырылды, – деген кейіпкеріміздің бойынан мақсатына жету үшін темірдей төзім мен табандылық байқадық.