Қазақ қыздарының екінші кәсібі

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Жолыңыз түсіп Қызылорда теміржол вокзалына келе қалсаңыз анықтама бөлімінде жұмыс жасайтын Анар Есенқызы Қарымсақованы жолықтырасыз. Сырт қарағанда томаға тұйық көрінетін Анардың он саусағынан өнер тамған ісмер екенін бәрі біледі.

Теміржолшылар арасында, өз ұжымында өткізілетін көпшілікмәдени шаралардың ұйытқысы болатын өнерлі қыздың туындыларына, оның кез келген тапсырысты нәшіне келтіріп жасап беретін шеберлігі әріптестерін тәнті етпей қоймайды. Құрақтан көрпеше тігу, сан қилы ою-өрнекті құрастыру, оюлы ұлттық нақыштағы киімдер тігу Анардың жастайынан үйренген сүйікті хоббиі екен. 

Жаңақорған ауданында дүниеге келген Анар Есенқызы Қызылорда колледжінен салалық мамандық алғаннан кейін, Алматы қаласындағы ҚазАТК жоғары оқу орнына түсіп, теміржолшы кәсібін игереді. 2007 жылдан бері Қызылорда теміржол вокзалындағы анықтама беру бөліміндегі кезекшілік қызметін ауысыммен атқарып келеді. 

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ісмерлігімен танылған Анардың ине-жіпті, қайшыны алғаш қолына алуына анасы әсер етіпті. Себебі анасы Әшіркүл Тәжібайқызы ауылдағы тон тігетін тігін цехында жұмыс жасапты. «Ана көрген тон пішер» тәмсілімен өскен қыз уақыт өте келе өнерін дамытып, әр түрлі формаларда ою-өрнек ойып құрастыруды үйреніпті. Жалпы құрақ құрау ата дәстүрде бірлікті, татулықты, ынтымақты өзара ымыраласып әрекет етуге баулитын тәсіл болғандықтан оны күні бүгінге дейін қолөнершілер қауымы жалғастырып, түрлендіріп жетілдіруде. Осы ұстанымды санасына сіңірген Анар да қолы қалт етсе ине-жібін, қайшы, оймағын алып құрақ көрпеше құрастырып отыруды әдетке айналдырған. 

– Тігін цехында жұмыс жасаған анамнан үйренгенім қазір өзіме азық болып жүргені қуантады. Сол кезде үйренгендерімді қазір жетілдіріп, жаңадан идеялар қосып, ою-өрнектелген көрпешелер тігуді жаным сүйеді. Ою ойғанда көпке танымал әрі дүниенің тепе-теңдігін меңзейтін қошқар мүйіз пішініндегі оюды, сұлулық символы қаз мойын оюын көп қолданамын. Кейде өз ойымнан жаңадан оюлар құраймын. Кейде балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдер тігіп беруімді өтінген көрші-қолаң, әріптестердің өтінішін жерге тастамай орындап беруге тырысамын. Менің осындай ісмерлігімді байқаған әріптестерім қолдап-қолпаштап, мақтауын асырып жатады. Мен оларға үйренгілерің келсе үйретуге дайынмын деймін. 

Жалпы, мен айтар едім, қолөнер кез-келген қазақ қызының екінші кәсібі болу керек. Ине-жіп ұстамайтын қыз-келіншек болмайды. Оның үстіне бүгінде қолөнермен айналысам дейтін жанға толып жатқан әшекейлер, көздің жауын алатын қосымша аксессуарларды қалаған дүкеннен табуға болады, – дейді Анар Есенқызы.