Сәулелі ғұмыр кешкен жан

Құдайберген Рысбекұлының дүниеден озғанына 2 жарым айдан асып барады. Ол бірімізге арқа сүйер азамат, бірімізге асқар таудай әке, ал немересіне сүйікті ата еді. Ел-жұртқа абыройлы азаматтың пәни жалғандағы ғұмыры аяқ асты үзіліп, мәңгілік өмірі басталды...

Семей облысының Шұбартау ауданына қарасты Алғабас ауылында Рысбек атамыз бен он саусағынан өнер тамған Балтолық анамыздың шаңырағында 1946 жылдың 15 қарашасында дүниеге келген Құдайберген Рысбекұлы бүкіл елге қасірет әкелген індет кесірінен 27 маусымда аяқ асты дүниеден өтті. 

Үш қыздың ортасында өскен жалғыз ұлды ата-анасы қара шаңырақтың иесі деп еркелетіп өсірген екен. 

Алайда, тағдыр оны аса еркелете қоймапты. Он жасында әкесінен айырылып, еңбекке ерте араласты. 

Ер жете бастаған шақта апайы Семейдегі №1 мектеп-интернатына орналастырады. Мектепті бітірген соң Семей технологиялық институтына оқуға түседі. Сонда да күндіз сабағын оқып, кешке Семей ет комбинатында жұмыс істеп, ауылдағы отбасына көмектесіп тұрады. 

Тағдыр біз екеуімізді институтта оқып жүргенде жолықтырды. 1969 жылы ол инженер-механик, мен инженер-технолог мамандығын алып, жоғары оқу орнын бітіріп, Құдакең жолдамамен Аягөз қаласының сүт өңдеу зауытына, мен ет комбинатына жұмысқа тұрдық. 1970 жылы Құдакең отбасын көшіріп алып келді, сол жылы шаңырақ көтердік. 

Темір жол саласына Құдакең 1986 жылы келді. Семей қаласының Азаматтық құрылыс дистанциясына ол бастапқыда шебер болып кірді. 

Жұмысына жауапты әрі еңбекқор жан ұжымға бірден сіңісті. Еңбекке адал жігітті басшылық та елеп, бас инженер, бастықтың орынбасары қызметіне дейін көтерді.  

Кейін сол мекемені басқарды. 1995 жылы үш мекемені біріктіру нәтижесінде «РСЭП» құрылып, мыңнан астам адам жұмыс істейтін мекемеде Құдакең кәсіподақ төрағасы болып сайланды. Ол бөлімге қарайтын станцияларды аралап, теміржолшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысты. 2003 жылы жанұямызбен Алматыға қоныс аудардық. 

Бас шаһарда Құдакең локомотив пайдалану депосында мастер, кейін техникалық бөлімінде инженер болып жұмыс істеді. Көп кешікпей өзінің ұйымдастырушылық, адамдармен тез тіл табысу қабілетінің арқасында ол сол ұжымның кәсіподақ төрағасы болып сайланды. Бұл қызметін он жыл абыроймен атқарды. 

Теміржолшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, мәселелерін шешіп, талай мұқтаж отбасыларға көмек берді. Жаспен де, кәрімен де бірдей тіл табысып, еңбекте абыройлы болды. Бойынан кісіліктің, тектіліктің лебі есіп тұратын Құдакең өнерден де құралақан емес еді. Мерекелік кештерде домбырамен ән салып, кештің сәнін келтіруші еді.

Бос уақытында әдеби және тарихи кітаптарды көп оқитын. Жетпіс жасқа таяған шағында ұжымы оны зор құрметпен зейнетке шығарып салды. 

Содан кейінгі өмірін отбасына, бүгінде медицина саласының студенті немересі Әділдің тәрибесіне арнаған Құдакең өмірдің әр сәтін бағалай білді. Қос қанаты – қыздары мақтанышы еді. Психолог мамандығын меңгерген Жанар – педагогика ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ берсе, қаржыгер қызы Назым еліміздегі ірі банктердің бірінде лауазымды қызмет атқарады. 

Қазақ халқына қасірет әкелген биылғы жыл біздің де шаңырағымызды шайқалтты. 

Екі күнге жетер-жетпес уақыт ішінде, сап-сау жүрген азаматымыздан айырылып қалдық. Әлі күнге шаңырағымыздың бас иесі, асыл азаматымыздың жоқтығына көңіліміз сенбейді. Амал нешік, Құдакеңнің өнегелі өмірі ғана көңілге медеу. Бақұл бол, арысым, жаның жәннаттан табылсын! 

Еске алушы – жұбайы Мәншүк Құсайынқызы және балалары