Қауіпсіз еңбек – «Қазақстан темір жолы» қағидасы

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Еліміздегі ірі жұмыс беруші компания «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ үшін қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығы аса маңызды. Сондықтан Ұлттық компания өндіріспен және пойыздар қозғалысымен тікелей байланыста жұмыс істейтін теміржолшылар еңбегін қорғау және қауіпсіздік техникаларының сақталуы, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қазіргі заманға сай жаңашылдықтарды енгізіп, уақыт талабынан тыс қалмауға жұмыстануда. Сонымен нақты қандай жұмыстар атқарылды, әлемге дүрбелең салған COVID-19 індетінің теміржолшылар арасында кеңінен таралмауы үшін қандай шаралар қабылданды? «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Бас инженері Батыр Котыревпен осы және өзге де мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік. 

– Батыр Қуанышұлы, өткен жылы Ұлттық компанияда тұңғыш рет Өндірістік қауіпсіздік форумы өткені белгілі. Осы жиында алдағы жылдарға үлкен мақсатміндеттер қойылды. Соның бірі жұмыс барысында қауіпсіздік техникаларын қолдануды насихаттай отырып, өндіріс еңбеккерлері арасында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға ұмтылу болатын. Бүгінде осы бағытта атқарылып жатқан нақты шаруалармен таныстырып өтсеңіз...

– Иә, шын мәнінде, 2019 жылдың 29 қарашасында Өндірістік қауіпсіздік тақырыбына арналған компания тарихында алғашқы форум өтті.

Онда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев сала еңбеккерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығы айрықша назарда екенін айтып өтіп, осы жиында «Қауіпсіздіктің жүрістұрыс диалогтары», «Қауіп-қатерді тоқтат», «Салдарсыз оқиғалар» сынды сындарлы бағдарламаларға ресми бастама берді.

Сол күні компанияның барлық лауазымдағы басшылары «Қауіпсіздіктің жүріс-тұрыс диалогтары» бағдарламасы бойынша оқытудан өтті.

Атап өтерлігі, бұл бағдарлама компания қызметкерлері үшін қауіпсіз өндіріс саласындағы дағдылар мен құзыреттіліктерді үйрету мақсатында Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментімен (ЦРБП) арнайы әзірленген болатын.

Алдымен ЦРБП департаментінің күшімен, кейін оқытылған ішкі жаттықтырушылармен компания қызметкерлерін жоғарыда аталған курс бойынша жаппай оқыту басталды.

Нәтижесі туралы айтар болсақ, бүгінгі күні бізде 70 504 оқытылған қызметкер бар, соның ішінде, онлайн режимінде оқытылғаны 17 301, бұл 211 512 сағат/оқуды немесе жалпы КПД-нің 79%-ын құрап отыр. Жұмысымыз оқытумен тоқтап қалған жоқ. Сала еңбеккерлерін жаңа бағдарламалармен хабардар ету жалғасуда. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ай сайын ақпараттық бюллетень шығарылады, онда өндірістік қауіпсіздік бойынша негізгі оқиғалар жарияланады.

Бұл құжаттың мақсаты – (қауіпсіз емес жұмыстарды тоқтату, салдарсыз оқиғалар және т.б.) ҚЖД (Қауіпсіздіктің жүріс-тұрыс диалогтары) құралдарын пайдаланатын барлық қызметкерлерге сапалы кері байланыс орнату болатын.

Мұнымен қатар Жол картасы шеңберінде өндірістік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және нөлдік жарақат алу жағдайларына қол жеткізу мақсатында қауіптілігі жоғары жұмыстар бойынша жұмыс топтары құрылды. Бұл әрқайсысы жеке шағын жоба, яғни онда құжаттар мен нұсқаулықтарды біріздендіру және стандарттау жүргізіледі.

– Ұлттық компания бизнесті трансформациялауды цифрландырумен бірыңғайландырып жүргізуге белсенді кіріскенін білеміз. Осы ретте, еңбек қорғау және қауіпсіздік, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік салаларына ІТ-технологияларды дендеп енгізу барысы қалай жүзеге асырылуда?

– Білесіз бе, қазіргі коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында өндірістік қауіпсіздік бойынша трансформацияның негізгі жобаларының бірі, өзгерістер мен қазіргі жағдайларға бейімделуге әзірліктің жоғары деңгейін көрсетіп берді.

Нәтижесінде, біздің компанияның әрбір қызметкері ашық түрде Қауіпсіздіктің жүріс-тұрыс диалогтарын өткізуге және біздің денсаулығымызға немесе қалыпты жұмысымызға әсер етуі ықтимал жағдайлар туралы ақпаратпен бөлісуге болатын мобильді қосымшаны орната алады.

Бұл дегеніміз, ауызбіршілік – нөлдік жарақаттануға жасалған тағы бір қадам екенін айқындайды. Мобильді қосымша біздің қызметкерлеріміздің игілігі үшін жұмыс істейді және қажет кезде онлайн форматта жұмыс істеу маңызды болған шақта қазіргі шынайы өмірді дөп басып отыр.

«Өндірістік қауіпсіздік» интеграцияланған жүйесі – бұл қауіпсіз емес еңбектің кез келген белгілеріне әрекет етудің ұтқырлығын, негізділігін және жылдамдығын қамтамасыз ететін сандық мобильді платформа.

Сондықтан «ҚТЖ» ұлттық компаниясында «Өндірістік қауіпсіздік» автоматтандырылған интеграцияланған жүйесіне «Қауіпсіздіктің жүріс-тұрыс диалогтары (ҚЖД)» серпінді жоба-модулі белсенді түрде енгізілді. Оның басымдық беретін мәселесі, қауіпсіздік техникасы мен жеке қорғану құралдарының нормаларын елемеуге байланысты жарақат алу салдарын жою емес, ескерту болып табылады. Модуль әрбір қызметкерге мобильді құрылғыға кез-келген оқиғаны, соның ішінде салдарсыз оқиғаны (Near Miss), қауіпті әрекет пен шарттарды немесе қауіпсіз емес жұмыстарды тоқтату құқығын тіркеуге мүмкіндік береді.

Модульді іске қосу кезең-кезеңмен өтеді. Мобильді қосымшаларды жүктеу бойынша жұмысты ұйымдастыру ағымдағы жылдың 30 наурызында компанияның орталық аппаратында бастау алған болатын, 120 мыңнан астам қызметкерді қамти отырып, Ақтөбе өңірінде аяқталмақ. Бүгінгі күні қызметкерлерді тіркеу жалғасуда. Қазір 50 589 адам жүйеде тіркелген. Алғашқы нәтижелері де бар, 2400 астам ҚЖД тіркеліп, жүйені ең белсенді қолданушылар үшін байқау жүргізілді. Барлық жүлдегерлер сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар алды. Сонымен қатар, «Қауіпсіздік минуттары» мобильдік қосымшасында модуль енгізілген, оларды сіз қауіптілігі жоғары дәрежедегі жұмыстарды жүргізер алдында, кез келген кездесулердің және/немесе қызметкерлермен әңгімелесулердің алдында пайдалана аласыз. 

Жақында, яғни 30 мамырда, тағы бір жүйе – Ішкі бақылау модулі енгізілді. Сөйтіп «Ішкі бақылау» процесін цифрландыру жаңа деңгейге шықты. Жобаның пайдалы екені даусыз. Қалай дейсіз ғой? Олардың ішінде – қолмен енгізуді болдырмау, қағаз жазбаларын және фото (құжат куәліктерін) басқару, ақпаратты іздеу мен беруге кететін еңбек шығындарының айтарлықтай төмендеуі (аптаның орнына санаулы минуттардың кететіні), бұзушылықтар туралы бастапқы деректердің сапасын арттыру, физикалық жазбаларды жоғалту қаупін жою, деректерді екі рет (қағаз және электрондық нұсқада тасығыштарды) енгізуді болдырмау, тексерулер, инспекциялар, аудит барысында анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылау сияқты функциялар бар.

Бұдан басқа, мұндай жүйе тәуекелдер мен қауіптерді неғұрлым сапалы анықтауды, сәйкессіздіктерді қамту периметрін кеңейтуді қамтамасыз етеді.

Тағы бір маңызды жүйе ретінде Экологиялық қауіпсіздік модулін айтар едім. Қазір бұл модулді белсенді әзірлеу процесі жүріп жатыр. Ластаушы заттардың қалдықтарын басқарудың интеграцияланған ақпараттық жүйесін енгізу – бірінші кезекте дәл есептеулер жүргізуге, айыппұл санкцияларының тәуекелдерін болдырмауға, сонымен қатар адам факторын азайтуға, уақытты үнемдеуге, заңнамалық талаптарға сай болуға, сондай-ақ, қағаздағы іс жүргізуді қысқартуға, экологиялық төлемдерді 10-15% дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұл жобаны іске қосу мерзімі 2020 жылдың 2 тоқсанына межеленген.

Сонымен қатар, біз Оқиғаларды басқару процесін автоматтандыруға кірістік, онда оқиға туралы алғашқы хабарлама, инцидентті жариялаған Жеделхат автоматты түрде іске қосылатын болады, бұл өз кезегінде, өзге ұқсас құрылымдық бөлімшелерде жедел әрекет етуге және одан әрі тергеу актісін автоматты түрде генерациялаумен процестің барлық қадамдарын тіркеу үшін қажет.

Тергеу аяқталғаннан кейін, жүйеде орын алған оқиғаның түпкілікті себептері мен одан түйген сабақтары бар Бюллетень қалыптастырылатын болады. Және де осы жылдың соңына дейін «Өндірістік қауіпсіздік» автоматтандырылған интеграцияланған жүйесінде Төтенше жағдайларды басқару процестері мен өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау цифрланады.

– Сала еңбеккерлері бұл бағдарламаларды жұмыс барысында қаншалықты пайдалана алуда? Жалпы ІТ-шешімдердің қолдану аясын кеңейту мақсатында мамандардың білім-біліктілігін арттыру жағы қалай ұйымдастырылған?

– Жоғарыда атап өткеніміздей, интеграцияланған жүйені компания қызметкерлерінің белсенді түрде қолданатыны байқалады және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік деп те айта аламыз, олай деуімізге, қандай жұмыс түрлері бойынша бізде қауіптіліктің ең көп тіркеліп отырғанын көре алуымыз дәлел болмақ. Иә, IT-шешімдерді қолдану саласын кеңейту үшін мамандардың біліктілігін арттыру қажет.

Осы мақсатта біз жүйеде тіркеу бойынша бейне-нұсқауларды әзірлеудеміз, сондай-ақ ҚЖД, Ішкі бақылау процестері бойынша модульдерді қалай дұрыс толтыруды үйретеміз.

Бұған қоса біз 90-нан астам білім беру әзірлемесін дайындаудамыз, соның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуді бастадық.

– Батыр Қуанышұлы, елде Мемлекет басшысының жарлығымен төтенше жағдайдың жарияланып, карантиннің енгізілуіне байланысты еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұйымдастыру да күшейтілген сияқты. Әдеттегі жұмыс режимінен карантин кезіндегі жұмыс тәртібі несімен ерекшеленді?

– Компанияның қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі – қашан да бірінші орында. Сондықтан COVID-19 індетіне қарсы алдын алу шараларын біз бірнеше бағытта жүргіздік.

Алдымен ақпараттық-түсіндірмелі жұмыс басталды, яғни COVID-19 бірінші белгілері мен алдын-алу шаралары туралы постерлерді орналастыру, жеке бас гигиена шараларын сақтау, байланыссыз амандасу жолдары, карантин кезіндегі тәртіп нұсқаулықтары мен карантиннен кейінгі кезде жеке қорғаныс құралдарын (маскалар, қолғаптар) қолдану мен жою туралы нұсқаулық, COVID-19 індетін жұқтыруы мүмкін күдікті жағдай анықталған кезде персонал іс-әрекетінің алгоритмі қарастырылып, сондай-ақ Компания объектілерінде балама аудиоақпарат таратылды.

Бұдан кейін әлеуметтік қашықтық қамтамасыз етілді. Яғни, әкімшілік-басқару персоналдары қашықтықтан жұмыс істеу тәсіліне (карантин кезеңінде – 100%-ға дейін, қазіргі уақытта – 50%) ауыстырылды, адам көп баратын және жүретін аймақтарда «1,5 м» қашықтықты сақтау белгілері салынды, сондай-ақ, конференциялар, кеңестер, қызметкерлерді оқыту онлайн-режимінде өткізілді.

Үшінші, санитарлық-гигиеналық ісшаралардың жүргізілуі қамтамасыз етілді. Айталық, персоналға 100%-маскалық режимін, клиенттермен/жолаушылармен тікелей байланыста болатын қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету,

Компания объектілерінде санитазейлерді орнату, дезинфекциялық режимді күшейту, тағысын тағы шаралар іске асырылды. Сондайақ, қызметкерлер денсаулығының жай-күйіне мониторинг жүргіземіз, оның ішінде кеңсеге кіргенде байланыссыз термометрия және өндірістік персоналдың ауысымдық медициналық куәландыруы өткізіледі.

Жалпы бұл іс-шаралар Компанияда 2020 жылғы 22 қаңтардан бастап жүргізіле бастады, профилактикалық іс-шаралар елде төтенше жағдай жарияланған кезде күшейтілді, қазір де жолаушылар пойызы қайта іске қосылған кезде қауіпсіздік шаралары жалғасуда.

– Әңгімеңізге рахмет!