Қауіпсіздік мәртебесіне қылаң түсірмеу – басты міндет

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп келетін ұлы Абай өлең жолдарындағы қараша айы да келіп жетті. Демек, қылышын сүйреткен қыс та қыр астында деген сөз. Бірақ, теміржол көлігінің қызметі табиғаттың төрт мезгілінде тоқтаусыз жүреді. Ал осы пойыздардың қатал маусымда тоқтамай жүріп тұруына қамданыс елімізде сонау жазғытұрымда басталатынын көпшілік білмесе де, теміржолшы қауымы жақсы біледі.

Биылғы жылдың тоғыз айын артқа тастаған сәтте, қандай шаруалар атқарылды деген сауалды «ҚТЖ» ұлттық компаниясының Магистральдық желі дирециясының қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты басшысы Бахытбек Алдажаровқа қойған едік. 

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі бірінші кезекте теміржолдың техникалық жағдайына тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл бағытта қандай шаруалар атқарылды, қауіпсіздікті сақтауға жасалған алғышарттар туралы не айтасыз? 

– Ұлттық компанияның үлкен филиалдарының бірінен болып табылатын Магистральдық желі дирекциясы бірнеше шаруашылықтың жұмысына жауапты екенін білесіз. 

Жол шаруашылығы, электрмен жабдықтау, белгі беру-байланыс, өрт қызметі, қалпына келтіру пойызы, тағысын тағы шаруалар. Осы ретте, атап өтерлігі, Дирекция жыл сайын пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдап, алдына айқын мақсат-міндеттер қойып келеді. 

Осындай іс-шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында қозғалыс қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына жол берілген жоқ, пайдалану қызметі бойынша барлық жоспарлы міндеттер өз үдесінен табылды. Мәселен, 569,6 км жол жаңғыртылды, оның ішінде 377,7 км жол күрделі жөндеуден өтсе, 15,6 км орташа жөндеуден өтіп, 155,2 км жол бойында рельс табаны жаппай ауыстырылды. Ал 22,8 км жолдың Р-50 рельсі жетілдірілген Р-65 типіне алмастырылып, жол күшейтілді. Сонымен қатар 6189 шақырымды құрайтын көлемдегі жол мен 1260 бағыттауыш бұрма ауыр типті жол машиналарының көмегімен сауықтырылып, жаңа келбетке ие болды. Осылайша, жоспарлы-алдын алу жұмыстары толық көлемде 100% орындалды. Жалпы нақты сандарды сөйлетер болсақ, онда жыл басынан бері 110 мыңнан астам шпал мен 980 бағыттауыш өнім жиынтықтары алмастырылғанын, мал жолға шығып кетпеу үшін 612 шақырымдық қоршау орнатылып және де 418 шақырымдық қоршау жөнделгенін, сондай-ақ, 511 қисық жол телімдері тиісті нормаға сәйкестендірілгенін айтар едік. Темір жол қауіптілігі жоғары аймақ. Және пойызды шұғыл тоқтатқанның өзінде ол ауыр салмақты болғандықтан ең кемі 600-800 метр жүріп барып тоқтайтынын ескерсек, мал-жанның тосыннан жолға шығуы қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін факторлар екенін елдің білгені абзал.

Әрине, осы бағытта да біздің жол шаруашылығы, өзге де қызмет өкілдері көлік полициясы қызметкерлерімен бірлесе көп жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, теміржолдар арқылы адамдардың жаппай санкцияланбаған өту орындарына Көлік полициясы қызметкерлерімен бірлескен 449 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 510 ереже бұзушылық анықталды және оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ, теміржол төсеміне жақын елді мекендердің тұрғындарымен әңгімелескен 1887 жиын өтіп, олардың барысында теміржолдар арқылы өту, теміржолға жақын жерде мал жаю ережелерімен 63601 адам танысты. 

– Біраз шаруаның басы қайырылғаны байқалады. Ал осы жөндеу жұмыстары барысында қолданылып жатқан материалдар туралы не айтасыз? Жалпы осы жол жағдайының жақсаруы пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне қаншалықты ықпал етеді? 

– Айта кетерлігі, комиссиялық тексеру кезінде кейбір жолдың техникалық параметрлерінің ауытқуына және басқалай кемшіліктеріне байланысты ескертулер жасалып, актілер толтырылады. Кейбір кем-кетіктерді тез арада шұғыл түзеу керек болса, ал кейбірін түзеуге ұзақ мерзім беріледі. Енді ол ақау дәрежесіне байланысты. Міне, осындай ұзақмерзімді қолданыстағы ескертулерді алып тастау мақсатында, яғни олқылықтың орнын толтыру мақсатында 21,2 км негізгі жолдың рельс тіреуіштері тұтастай алмастырылды. Бұдан басқа жоспардан тыс 65,6 км көлеміндегі негізгі және станциялық жолдарға өткен жылдары күрделі жөндеу жүргізілген телімдерден алынған ескі жарамды материалдарды қолдана отырып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Семей – Жаңасемей теліміндегі қашықтығы 643,9 метрлік ірі жасанды құрылыс санатындағы теміржол көпірі күрделі жөндеуден өтті. Жалпы күрделі жөндеу жұмыстары кезінде отандық өнімдер, Ақтөбе зауытынан шығатын рельстер, өзімізде өндірілетін шпалдар, негізіне темірбетондар қолданылады. 

Алайда, біз озық ресурсжинақтау технологияларын да тиімді пайдаланып келеміз. Яғни, қайта қолдануға болатын жолдың жоғары құрылымы материалдарын қажетімізге жаратамыз. 

Айталық, жарамды ескі материалдарды пайдалана отырып, 524 дана автоматты балқыманың айқастырмалары, сондайақ, 3318 орында ақаулы рельстер қалпына келтіріліп, 53 км рельс иіндері ажарланып, жолға төселді. Бұдан басқа пойыздардың жүрісі жұмсақ болуы үшін блок-телімге дейін ұзындықтағы 192 жұп иіні және жол аралығына дейінгі ұзындықтағы 259 жұп иіні дәнекерленді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жолдың сапасы мен беріктілігі жақсарып қана қоймай, пойыздар қозғалысының жылдамдығы да артты. 

Мәселен, 237 шақырымда жолаушылар пойыздарының, 90 км жолда «Тальго» вагондары бар пойыздардың, 221 километрде контейнерлік пойыздардың, 138 шақырымда жүк пойыздарының жүріс жылдамдығы көтерілгенін атар едік. 

– Бахытбек Мұқашұлы, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мәселесіне байланысты сөз қозғағанда осы бағытта енгізіліп жатқан сандық жүйелер туралы да мәлімет беріп өткеніңізді қалар едік... 

– Қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да «Цифрлық трансформация» шеңберінде жобалар бұрынғыдан да белсенді енгізілуде. Неге десеңіз, бұл –уақыт талабы. 

Соның біріне «Қозғалысты басқару орталығы» жобасының шеңберінде өткен жылы Орал жол бөлімшесі жолдары мен Илецк темір жол торабы учаскелеріндегі 38 жекелеген пунктке теміржолшылардың өзіндік әзірленген микропроцессорлық диспетчерлік орталықтандырудың автоматтандырылған жүйесінің енгізілуін атар едік. Полигонға Ақтөбе қаласында орналасқан Пойыздар қозғалысын басқару орталығы және 5 жол бөлімшесінің (Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда) шекарасында орналасқан темір жол инфрақұрылымы учаскелері кіреді.

Бұл тәжірибелік полигонды құрудағы мақсат – бөлімшелер шекарасындағы пойыздар қозғалысын басқарудан өңірлік басқаруларға өту кезінде полигон шекарасындағы ұйымдастыру жұмысының тиімділігін айқындау, барлық құрылымдардың (тасымалдау процесіне қатысушылардың) ақпараттық өзара іс-қимылы үшін база дайындау, диспетчерлік басқару мен пойыздар қозғалысын бақылауды орталықтандыру. Бұдан басқа оңтүстік өңір бойынша (Арыс-Түркістан, Арыс-Сарыағаш, Арыс-ШымкентҚазығұрт учаскелерінде) АЖО енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Бүгінде бұл микропроцессорлық диспетчерлік орталықтандырудың автоматтандырылған жүйесін (МДО АЖ) Оңтүстік аймаққа, яғни Арыс – Түркістан, Арыс – Сарыағаш, Арыс – Шымкент – Қазығұрт телімдеріне енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтар едік. Келесі бір жоба, жылжымалы құрамды қауіпсіз өткізуді жақсартуға бағытталды. Осы мақсатта, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Семей, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшелерінде «Жылжымалы құрамның техникалық жағдайын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі» жабдығын қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл жүйе жылжымалы құрамның жай-күйіне орталықтандырылған бақылау жүргізуге, КТСМ бақылау пункттерінен келіп түскен ақпараттарды жинауды, өңдеуді және автоматтандырылған жұмыс орындарының мониторларына шығаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда атап өткен бұл жүйелер еңбек өнімділігінің артуына ықпал етпек. «Цифрлық трансформация» бағдарламасы аясында теміржол жолды кешенді диагностикалауға, рельстік жол геометриясының жай-күйін бақылауға арналған мобильді диагностикалық кешендер пайдалануға берілді. МДК-дан басқа 2019 жылы магистральдық желіде түйіспесіз жолдың жай-күйін бақылау және бағалау жүйесі енгізілген болатын. Ол өңделген нәтижелер базасын бақылау қорытындылары негізінде түйіспесіз жолдың бұзылу алдындағы жай-күйіне мониторинг және болжам жасауға мүмкіндік береді. Яғни, сіз алдын ала түйіспесіз жолдың, рельсті бекітпелердің, түйіспелі саңылаулардың жай-күйін анықтай аласыз. Әрине, бұл атқарылған іс-шаралар Магистральдық желі дирекциясы бойынша пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беріп, келеңсіз көрсеткіштерді кеміте түсері анық. 

– Әңгімеңізге рахмет!

подписка на казахском