Ақтөбеде Батыс аймақтағы жүк тасымалы базасы құрылады

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Мұнайлы мемлекеттің донор облыстары саналатын Батыс Қазақстан өңірінде теміржолдың орны ерекше. Соның ішінде тоғыз жолдың торабында орналасқан, Батыс Еуропа-Батыс Қытай байланысының алтын көпірі – Ақтөбе өңірінің маңызы жоғары. Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Бөріхан Беркімбаевпен сұхбатымыз мұнайлы өңірдің кешегібүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы өрбіді.

– Бөріхан Сматуллаұлы, Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін қалай бағалар едіңіз? 

– Батыс Қазақстан теміржолының құрамында болған Ақтөбе теміржолы 1997 жылы үкіметтің теміржол көлігін қайта құру туралы қаулысына сәйкес құрылған «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорыны құрамына енді. 

Содан бері Ақтөбе теміржолында көп өзгеріс болды, 370 шақырымға жуық теміржол салынып, 16 жаңа станция мен разъездер ашылды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл аз жетістік емес. 

– «Ғасыр құрылысы» атанған «Хромтау-Алтынсарин» темір жолы қалай салынды? Неге қол жеткіздік? 

– Еліміздің тұңғыш Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне баса мән берді. Бірінші кезекте республика өңірлерін бір-бірімен байланыстыратын теміржол құрылысы дамытуды міндеттеді. Хромтау мен Әйтеке би жолының Ақтөбе тармағы шегіндегі 169 шақырымдық ХромтауАлтынсарин теміржол желісі 2004 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. «Ғасыр құрылысы» деп аталған жаңа теміржол желісі елдің шығысын батыспен, орталық аймақтарды оңтүстігімен біріктірді және шығыстан жүк жеткізу ұзақтығын 2 мың, ал жолаушы пойыздарының жолын 1,5 мың шақырымға қысқартты. Егер бұрын 2,5 мың шақырым Ақтөбеден Астанаға дейін Ресеймен шекараны төрт рет кесіп өтсе, жаңа жол салынғаннан кейін Ресейге соқпай, небәрі 24 сағатта жететін болды. Құрылыс бюджеті 15 миллиард 253 миллион 56 мың теңгені құрады. Бұл жолдың салынуы жергілікті халықтың әл-ауқатының өсуіне орасан зор әсер етті. Жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, әлеуметтікмәдени нысандары мен тиісті теміржол инфрақұрылымы бар 7 станция ашылды. Хромтау, Никельтау, Әйтеке би, т.б. станциялар аз жылда қатты дамыды. 

Онымен қоса жергілікті халық та өсіпөнді, өркендеді.

– ТМД елдерінде аналогы жоқ рельсарқалық зауыты да Ақтөбеде ашылды. Бүгінде экспортты еселеп отырған кәсіпорынның батыста салынуының қандай артықшылықтары бар? 

– Ақтөбе бұл жерде географиялық орналасуымен ерекшеленеді. Яғни, тоғыз жолдың торабында, халықаралық көлік дәліздерінің қиысқан тұсында орналасқан Ақтөбе қай жағынан да қолайлы екені анық. Посткеңестік мемлекеттер аумағында осындай 3 зауыт бар. Біздің Ақтөбе жобасы олардың бәрінен жоғары, бұл жобада ескі ештеңе жоқ, тек заманауи технологиялар қолданылады, қолданылатын стандарттар Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес келеді. Зауыттың жылдамдығы жоғары теміржол желілері мен жүк тығыздығы жоғарылаған желілерде қолданылатын 120 метрлік инновациялық термотұрақталған рельстер шығаратындығымен ерекше. Зауыт өнімдерін ҚТЖ ішкі жолдардың құрылысына кеңінен қолдануда, сонымен қатар бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей Федерациясы, Эстония және Иранға экспортталады. Зауыт құрылысы мен өнімдерін жөнелту жобасын жүзеге асыру үшін Қызғалдақты станциясына жан-жақты жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жолдар кеңейтілді. Қазіргі уақытта онда тек зауыт өнімдеріне арналған арнайы қабылдау-жөнелту жолдары бар. 

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін әкеледі деп күткен Бейнеу-Жезқазған теміржолы, оның ішінде Ақтөбеге қарасты Тассай Шалқар телімі үмітті ақтады ма?

– Жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын Жезқазған-Бейнеу жаңа теміржол желісі Қазақстанның 4 облысын кесіп өтеді – Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау. 

Біздің аймақтағы Шалқар-Бейнеу көлік дәлізі республикаішілік көлікэкономикалық қатынастарды, елдің экспорттық байланысын ұтымды етуге, сондай-ақ транзиттік ағындардың өту жағдайларын оңтайландыруға арналған. Сонымен қатар, жаңа теміржол желісі республиканың барлық аймақтарындағы көлік байланыстарына оң әсерін тигізді және желінің қолданыстағы учаскелері арасында жүк тасымалы белгілі бір қайта бөлінуіне әкелді. Үміт ақталды.

Тауарлардың қозғалысы үшін жүгірісті азайтуға, сондай-ақ қолданыстағы белгілі бір бағыттар бойынша трафиктің таралуын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа маршруттар құрылды. Тасымалдау қашықтығының қысқарғанын ескере отырып, бұл Орталық, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстанның республикадағы көлік-экономикалық байланыстарына және экспорттық трафикке оң әсерін тигізді. Тассай станциясының келешегі зор. Онда жүк тасымалы жылданжылға артып келеді. 

– Агломерациялық орталыққа айналған Ақтөбеге Орал қосылды. Бөлімшенің мүмкіндігі артты ма? 

– Ұлттық компания ұтымды әрі тиімді жобаларды дамытуда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүк тасымалын нығайту жұмыстары аясында Ақтөбе бөлімшесіне Орал бөлімшесі қосылды. Нәтижесінде теміржол жолдарының пайдалану ұзындығы 318,6 км-ге ұлғайтылып, 1833 км құрады. Филиал шекарасында 121 жеке пункттер мен станциялар бар. Қазір Ақтөбе ЖТ бөлімшесі Жайсаңмен – Шыңғырлау, Илецкмен – Әйтеке би, Қостанаймен – Сағыз, Сексеуілмен – Қызылорда, Тассаймен – Маңғыстау бөлімшелерімен шектеседі. Жүк тасымалдау жұмыс-тарында үлкен серпін бар. 

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ биыл тасымалдау процесін автоматтандыру жобасы шеңберінде Ақтөбеде «Пойыздар қозғалысын басқару орталығын» ашты. Трансформациялау жобасы қандай тиімділікті арттырды? 

– 2020 жылдың қазан айында Ақтөбе қаласында пойыздар қозғалысын басқару орталығы іске қосылды. 

Бұл пилоттық жоба Қазақстан аумағында алғаш рет енгізілді. Оған Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда шекарасында орналасқан инфрақұрылымы бар теміржол учаскелері кіреді. Барлық пойыз диспетчерлері, локомотивтер мен вагондар қондырғыларының диспетчері, Батыс өңірінің инфрақұрылымдық диспетчері аймақтық пойыздар қозғалысы және инфрақұрылымды басқару орталығында орналасқан. Пойыздар қозғалысы мен полигонның инфрақұрылымын басқару және бақылау микропроцессорлық орталықтандырылған диспетчерлік, жедел және технологиялық байланыс, пойыздар қозғалысы мен инфрақұрылымды басқару орталығында және радиобайланыстар арқылы, сондай-ақ бүкіл аймақтың желілік пункттерінде жүзеге асырылады. Тасымалдау қызметін басқару технологиясының өзгеруі локомотив паркін пайдалану сапасының көрсеткіштерін, соның ішінде локомотивтердің орташа тәуліктік жүрісін жақсартуға, локомотив бригадаларын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде пойыздардың маршруттық жылдамдығын жақсартуда оң үрдіске ие болып отыр. 

– Алдағы жылға жоспарлар туралы да айта кетсеңіз... 

– 2021 жылы бірқатар құрылымдық өзгерістер орын алмақ. Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда ЖТ бөлімшелерін біріктіру жоспарлануда. 

Жұмыс 2 кезеңмен жүзеге асырылады. 1 кезең – Ақтөбеде Батыс аймақтағы жүк тасымалы базасын құру. 2 кезең – қозғалыс және тасымалдау функцияларын «Жүк тасымалы» ЖШС филиалынан «Магистральдық желі бөлімшесіне» ауыстырып, «ҚТЖ-Инфрақұрылым» магистральдық желі бөлімшесінің базасы құрылады деп күтілуде. Сондықтан, алда теміржолшыларды тынымсыз еңбек күтіп тұр. 

– Әңгімеңізге рахмет, теміржолшыларға сәттілік серік болсын!