Менің мамандығым - менің болашағым

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жақында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты ТЧЭ-31 локомотив депосының нұсқаушы-машинисі Мейірхан Орысбай, тепловоз машинисі Асыл Амантаев, электровоз машинисінің көмекшісі Асылхан Нұрманбетов Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде қонақта болды.

«Жас зерттеуші» студенттік ғылыми ұйымының «Жас теміржолшы» секциясының жетекшісі Ж.Мэлсұлының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел отырысы «Менің мамандығым – менің болашағым» тақырыбына арналды. Шара барысында қонақтар студенттерге өз жұмыстарының қиындықтары мен қызықтары ту

ралы әңгімелеп, болашақ теміржолшылардың сауалдарына жанжақты жауап берді.

«Негізінен бұл мамандық көбіне атадан балаға мұра болып қалып жатады. Яғни, теміржолшы әкенің балаларының ішінен біреуі әкенің ісін жалғастыратынын талай көрдік. Мұндай жағдай осында отырғандар арасында да бар екені күмән тудырмайды. Бұл кәсіпті сонысымен құнды, киелі дер едім. Елімізде кәсіби еңбек өтілі бірнеше жүздеген жылдарға жететін әулеттер баршылық», – дейді Мейірхан Орысбайтегі.

Асыл Амантаевтың айтуынша, теміржол саласына тосыннан «адасып» келетіндер сирек.

«Өйткені, бұл саланың қыр-сырын өздерің сияқты оқу орнынан бастап меңгеру керек. Біздің мамандықты сырттан келіп бірден үйреніп кетемін деу – бос әурешілік», – деді ол.

Ал Асылхан Нұрманбетов сан салалы теміржолшы мамандығын таңдап, қызмет етіп жүргендер – өз еліне, Отанына адал қызмет етіп жүргендер деді.

«Теміржол – экономиканың күретамыры немесе драйвері деген мағынадағы сөзді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан. Бұл бекер емес. Осы сала арқылы ел бюджетіне миллиондап пайда түсуде. Сондықтан да біз өз кәсібімізді мақтан тұтуға тиіспіз», – деді электровоз машинисінің көмекшісі.

Болашақ теміржолшылар жиыннан үлкен әсер алғандарын, көкейлеріндегі көп сауалға жауап тапқандарын жасырмай, аға буынға алғыстарын жеткізді.