Кемшілікке көп көңіл бөлінді

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жуырда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың төрағалығымен өткен жиында екі аптаға жуық уақыт бөлімшенің құрылымдық мекемелерінде жүргізілген күзгі комиссиялық байқаудың қорытындысы шығарылды. 

Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесінде де қысқы кезеңге дайындық жұмыстары қыза түскен. Филиалдың қысқы кезеңге дайындығы комиссиялық тексеру жұмыстары аясында жан-жақты жіті тесерілді, инфрақұрылымның, жылжымалы құрамның және өндірістік-техникалық нысандар мен қызметтік өткелдердің, перрондардың жағдайы мен жұмысшылардың арнайы киімдермен қамтылуы, т.т түгел қаралды. Оған қоса, техникалық жабдықтардың және олардың бөлшектеріндегі ақауларды анықтау, қозғалыс және еңбек қауіпсіздігінің жағдайын пысықтау жұмыстары да жүргізіліп, анықталған ақаулар мониторингін жүргізу, жұмысшылардың кәсіби біліктілігінің дайындығы деңгейін саралау, жұмысшылардың техникалық оқуларын жүргізу және ұйымдастыру сынды шаралармен бөлімшенің қысқа дайындығы бір пысықталды. Филиал бойынша алғашқы «қыстаушы» қызметкерлер толық оқытылған. Қызметкерлер арнайы киімдермен, аяқ киімдермен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, алдын алу жұмыстарына арналған түрлі керек-жарақтардың қажетті қоры жасақталып, станциялардағы механикалық және электронды таразылардың жай-күйі тексеріліп, қорытындысы алынған. Жиында бөлімшеге қарасты бірқатар құрылымдардың басшылары баяндама жасады. Баяндамалардан белгілі болғаны – күзгі комиссиялық байқаудың нәтижесі Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің және оның барлық салалық құрылымдарының қысқа дайындығы тұрақты екенін көрсеткен. Әсіресе ОП-115, Боранды, Шығанақ және Үшбұлақ станцияларының көрсеткіштерін ерекше атап өткен жөн. Дегенмен, жұмыс жүрген жерде кемшіліктің де болатыны заңдылық. Қорытынды жиында пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кемшілікке жол берген бірқатар станцияның аты аталды. Оларда негізінен нормативтік-техникалық құжаттамалардың енгізілуін бақылау төмендеп, ревизорлық нұсқаулар толық орындалмағаны анықталған.

Қозғалыс және жүк шаруашылығы төңірегіндегі тексеріс қорытындысына келер болсақ, комиссия мүшелері мұнда да біраз олқылықтар кеткенін айқындады. Комиссия мұны желілік деңгейдегі басшылардың өз міндеттеріне немқұрайлы қарағанынан деп отыр. Әсіресе, Шешенқара, Мыңарал, Тараз, Аса, Тәтті, Сарышаған, Малдыбай станцияларында қозғалыс және жүк шаруашылығы бағытындағы міндеттемелерді орындау бойынша бірқатар әттегенайлар баршылық екен. Ал Қашқантеңіз, Бурылбайтал станцияларында станция бастығы күнінің шілде, тамыз айларындағы хаттамасының қаулы ететін бөлігі біркелкі, жаттанды болып кеткен. Қордай және Қашқантеңіз станцияларындағы адам және мал басудың алдын алуды ескерту жұмыстары ойдағыдай жүргенімен тежегіш башмактарды есепке алып, оның сақталуын қадағалау бойынша әлі де ширақтық таныту қажеттігі ескертілді. Вагон шаруашылығы бойынша да біраз сынескертпелер болды. Әсіресе, орта топтағы басшылар мен деподағы командалық-нұсқаушылық құрамның жұмысында жіберілген кемшіліктер сынға алынды. Локомотив шаруашылығы бойынша жетістіктер бар екен. Бірақ, комиссиялық байқауда негізінен алдағы уақытта қорытынды шығару мақсатында көбіне орын алған олқылықтар аталып, кемшілікке көп көңіл бөлінді. Жалпы, жиын соңында айтылған барлық мәселелер бойынша қаулы шығарылып, кемшіліктердің бәрі алдағы уақытта назардан тыс қалмас үшін басшыларға жеке-жеке тапсырмалар жүктелді. Мәселен, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері А.Кимге жұмысшылардың техникалық білімін қадағалап, оны жетілдіру ісі қатаң жүктелсе, Жамбыл магистральдық желілер бөлімшесінің директоры А. Кукузовке ескертпелердің мерзімінде орындалуы мен құрылымдық басшылардың пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі мен еңбектің қорғалуын қадағалау бойынша атқарар жұмыстарын жүйелеу тапсырылды. Ал хаттамалық шешімнің жалпы орындалуын бақылауды бөлімше директоры Б.Ақшалов өз міндетіне алды. Жалпы, жоспарлы тексеру барысында қозғалыс қауіпсіздігін басқару жүйесінің қызметіне және оның ұйымдастырылу деңгейіне, техникалық құралдарды ұстап тұру бағытындағы қолға алынған шаралардың тиімділігіне баға беріліп, кеткен кемшіліктерді жойып, апатсыз жағдайда жұмыс істеуді қамтамасыз етудің жоспар-сызбасы жасалды. Бір сөзбен айтқанда, филиалдың барлық құрылымдық бөлімшелері қысқы кезеңге сақадай-сай екендерін көрсетті.