Қысы-жазы қауырт жұмыс

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің аумағындағы станциялар мен шағын бекеттерді, ондағы барлық теміржол мекемесіне қоса 33 бюджеттік ұйымды, 13 өзге де кәсіпорын мен 9877 тұрғын үйді таза ауыз сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған «Теміржолсу-Қызылорда» серіктестігінің жұмысы қысы-жазы қауырт.

Өйтпегенде ше, ауыз су да, жылу да – тұтынушы халық үшін қашан да өзекті. Олардың балансында 88,98 шақырым қысымды және су таратушы құбыр желісі, 3 су айдау станциясы, 17 қысымды су мұнарасы, 38 артезианды су ұңғымасы, 8 жылу қазандығы мен 1,6 шақырымдық жылу желісі жұмыс жасап тұр. 

Өз тұтынушыларын қажеттілікпен тұрақты қамтамасыз ету үшін мекеменің 38 ұңғымасы жоспарлы кезекпен жұмыс жасайды. Соған сай ұңғымадағы су көлемінің өзгеруі анықталса немесе тұтынылатын су мөлшерінің артып-кемуіне қарай дайын тұрған кезектегі ұңғымалар іске қосылып, тұтынушының сұранысын қамтамасыз ету толассыз жүргізіледі. 

– Жердің терең қабатынан мекеме ұңғымалары сорып алған ауыз су резервуарларға құйылып, тұндырылады. Суды адам денсаулығына зиян келтірмейтін, қолданылуы жеңіл ас тұзынан алынатын натрий гипохлоридімен залалсыздандыру технологиясына сай электролизді «Аквабиокс» қондырғысымен тазаланады. Су сапасының нормаға сәйкестігі өндірістік химиялықбактерилогиялық зертханада тұрақты түрде жүргізіледі. Су сақтайтын резервуар, мұнара айналасы оқшауланып, электр тораптарының желісі, ажыратқыштары талапқа сай жұмыс жасауда, – дейді «ТеміржолсуҚызылорда» серіктестігінің бастығы Марат Шайжан. 

Жердің қанша метр қабатынан қазса да ащы суы будақтайтын сортаңды өңір теміржолшыларын таза ауыз сумен қамту үшін 2012- 2017 жылдар аралығында «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы негізінде атқарылған шаралар шаш етектен. 

Қараиірім, Екпінді, Абыла-Жосалы, Талап, Жаңақорған, Қызылтам, Тартоғай, Қорқыт станциялары мен бірнеше бекетте жылу, ауыз су желілері толық жөндеуден өткізілген. Қызылорда мен Шиелі станциясында терең су ұңғымасы бұрғыланған, шеберханалар мен өндірістік жұмыс орындары күрделі жөнделіп, Диірментөбе, 26-бекет және Қорқыт станцияларында «Тазасу» қондырғысы орнатылған. Мекеменің өз қаражатымен Қызылорда, Жосалы станциясында су құбыры күрделі жөндеуден өткізіліп, 6 батырмалы ЭЦВ маркалы сорғы сатып алынған. Ауыз су сапасын нормаға келтіру үшін Қараткеткен, Жосалы, Сұлутөбе станцияларында да «Тазасу» қондырғысы орнатылған. 

Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір жағымды жаңалық – теміржолшылардың санитарлық жағдайын жақсарту, оларға әсер етуі мүмкін зиянды факторлардың алдын алу, қоршаған ортаны ластауды азайту мақсатында жылу қазандықтарын көгілдір отынға алмастыру 2016 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүргізілуде. Қазіргі таңда Шиелі, Жаңақорған, Белкөл станцияларындағы жылу қазандығы газға алмастырылса, алдағы жылдары Бесарық, Аққұм, Шиелі, Қызылорда станцияларында су құбырын күрделі жөндеуден өткізіп, 3 жылу қазандығын көгілдір отынға көшіру жоспарлануда екен.