Ғасыр жасаған теміржол ардагері

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Илецк теміржол бөлімшесінің ардагері Николай Никифоров 100 жасқа толды. 

Илецк теміржол бөлімшесінің басшысы Жанат Жартыбаев пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Ермек Шалабаев бастаған басшылық құрам ардагерді құтықтап барып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы филиалының директоры Бауыржан Орынбасаровтың арнайы құттықтау хатын табыс етті. 

«Сіз мемлекетіміздің өркендеуіне, еліміздің экономикалық дамуы мен бірлігін нығайтуға аянбай еңбек еттіңіз. Майдан даласындағы ерліктеріңіз бен темір жол саласының дамуына қосқан үлесіңіз зор. 

Еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалап, алғыс айтамыз», – деді Илецк теміржол бөлімшесінің басшысы Жанат Жартыбаев. 

Николай Петрович – Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан майдангер-теміржолшы. Ол – «1941-1945 ж.ж. Германияны жеңгені үшін», т.б. марапаттар иесі. Соғыс жылдарынан кейінгі өмірін теміржол саласына арнаған Николай Петрович 1920 жылы 15 желтоқсанда Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында дүниеге келген. 

Орта мектепті бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы әскери училищеге түсіп, оны 1941 жылы 17 маусымда бітіре сала Кеңес армиясы қатарына алынып, Батыс әуе десанты әскерлерінің қатарында болды. 

Мәскеуді қорғауға қатысқан жауынгер, кейін Балтық жағалауында майданда болды. 

Соғыстан кейін туған жерге оралған жауынгер 1947 жылдан бастап Орынбор теміржолы 4-ші жол дистанциясында қызмет еткен. 1986 жылдан Илецкінің Ақбұлақ станциясында еңбек етеді. 1981 жылы 

Кеңес үкіметі тұсында «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Теміржол саласында жасаған 39 жыл ішінде жол жөндеуші, жол монтері, жол мастері болып еңбек етіп, 1997 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған. 

Ғасыр жасаған ардагер қазір әлеуметтік қызметкерлердің бақылауында.