Кәсіподақ белсенділеріне құрмет

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесінде кәсіодақ белсенділері марапатталды. Аталмыш басқосуды бөлімшенің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырып отыр. 

Көпшілік алдында сөз алған бөлімше бойынша кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов жыл үлесіндегі қол жеткізілген жетістіктермен қатар, атқарылған жұмыстар жайында да сөз қозғап өтті. Әсіресе, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша еңбекті қорғау мен қоғамдық шараларды ұйымдастыруда елеулі жұмыстар жасалған. 

Теміржолшылар игілігі жолындағы бірлескен әрекеттер сәтімен жүзеге асырылған. Әсіресе, биылғы пандемия кезінде орасан жұмыстар атқарылғаны айтылды. 

Жиынға қатысқан бөлімше басшысы Сиязбек Әлішев кәсіподақ жұмысын оң бағалай келе: «Жұмыс орнының жайлылығын жасау және қызметкерлердің қажеттіліктерін шешуде кәсіподақ ұйымы бізбен бірлесіп нәтижелі жұмыстар жүргізді», – деп атап өтті. 

Ал, жиын соңында кәсіподақ жұмысына елеулі үлес қосқан азаматтар құрметке бөленді.

Бөлімше басшысының бірінші орынбасары Ғабит Есқожанов, Семей станциясының бастығы Алтынбек Мәмбетов, ПЧ-40 директоры Мұрат Мамырбаев Құрмет грамотасын иеленді. Ал ЭЧ18 басшысы Нұрлан Әзімханов Алғыс хатпен марапатталды. Жастар ұйымының төрайымы Арайлым Қосанова сынды кәсіподақ жұмысына көмек көрсеткен бөлімше белсенділері мен еріктілер де атаусыз қалмады. Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ ұйымының 100 жылдық мерекесімен бөлімше басшысы Сиязбек Әліпбайұлы мен магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Айдын Мақсұтбекұлы да арнайы наградамен марапатталды.