Еріктілер қызметі жалғасуда

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

ҚТЖ жастары Еріктілер жылы аясындағы қайырымдылық іс-шараларын жыл соңына дейін жүргізбек. Алматы ЖТ бөлімшесінің ерікті жастары «Жеңіс» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау шараларына белсенді қатысып келеді. 

Аталған жобаның Алматы қаласы бойынша аймақтық үйлестірушісі, жас теміржолшы Диас Байқонысовтың айтуынша, олар жыл басынан бері бүгінге дейін облыс көлемінде 74 ҰОС ардагерінің үйіне барып, көмек көрсеткен. Әлі жылдың аяғына дейін 52 ардагердің үйін аралайтын жоспарлары бар. 

– Ардагерлерге бүгінгідей пандемия жағдайында ең алыдмен азықтүлікпен көмектесеміз. Күнделікті қажет, ең бірінші керекті заттар, яғни күнбағыс майы, дәнді дақылдар, ұн, көкөністер мен жемістерден құралған азық-түлік пакеттерін тапсырамыз. Осы заттарды карантин кезінде жеткізу барысында барлық сақтық нормаларын сақтаймыз. 

Қауіпті індет кезінде өз денсаулығын қатерге тігіп, жобаға атсалысқан ерікті теміржолшылар көп, оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Д.Байқонысов. 

Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Пандемия басталғалы бері бүгінге дейін жобаға Алматы қаласы бойынша 19 теміржолшы қатысып келеді екен. Диас сол еріктілер қатарында ерекше белсенді 6 жасты атап өткісі келеді. Олардың бірі Забина Ясынова жол бөлімшесінде техник болып еңбек етеді. Сонымен қатар Елдар Байсақов Алтынкөл станциясының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы болса, Мейрамхат Ысқақов Алматы локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс бойынша орынбасары, ал Аян Қуанышбаев осы депоның жөндеу және бақылау бөлімінің жетекші инженер-технологы, Жандос Әділханұлы осы депоның бірінші санаттағы инженер-технологы, Тұрсын Батыр бөлімшенің Боралдай филиалы бойынша жүк қабылдап-жөнелтуші екен.