Болашақ станциясында Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Болашақ станциясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ауыл таланттарын танытатын тартымды іс-шара өтті. «Тұғырлы елге ту болып өткен тұлға» тақырыбында ұйымдастырылған челленджге қатысушылар бір-бірінен іліп алып, ұлы ойшылдың өлеңдерін жатқа оқыды. 

Болашақ станциясының ғимаратында өткен оған тек теміржолшылар емес, ауыл тұрғындары да қатысты. Жалпы, болашақтықтар арасындағы «Тұғырлы елге ту болып өткен тұлға» челленджі біраз бұрын басталған еді. Оған 10-59 жас аралығында станция тұрғындары қатысып, қазақтың біртуар ұлы тұлғасының өлеңін оқып, ғұламаға арнаған өз өнерлерін әлеуметтік желіде жалғастырған болатын.

− Абай атамыз он жасында өнерге келіп, 59 жасында өмірден озғанша одан қол үзбегендіктен біз де челлендж қатысушыларының жасына сол аралықты таңдап алдық. Мақсатымыз Абай Құнанбайұлының мерейтойы кең көлемде атап өтілуіне өз үлесімізді қосып, насихаттау және сол арқылы болашақтық өнерлі тұрғындарды жарыққа шығару болды. Бұл бастамаға ауыл әкімшілігі, мекеме басшылары, кәсіпкерлер қолдау көрсетті. 

Теміржолшылар болса болмасын жоғары белсенділік танытты, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, Болашақ өрт сөндіру пойызында өрт шеңберіне және өрт сөндіру техникаларына қызмет көрсету шебері Ерболат Бітіков. Қатысушылардың кейбірі А.Құнанбайұлының қара сөзін оқыса, бірі өлеңін оқыды, енді бірі оның тұлғасына шетелдерде көрсетілетін құрметті баяндады, енді біреуі ақын бейнесін қылқаламға түсіріпті. Шет қалған ешкім жоқ, әркім қолынан келгенше атсалысты. Нәтижесінде бірінші орынға тоғызыншы сынып оқушысы Арай Ұшқанберді, екінші орынға ЭЧ-5 мекемесінен Нұрлан Құлжанов, үшінші орынға Болашақ станциясының қызметкері Ақгүл Орысбаева ие болып, арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Белсенді қатысқандар да Алғыс хат алып, естелік сыйлықтар табысталды. Соның ішінде ПЧ-13 мекемесінен қатысқан Жарасхан Комаевтың аты ерекше аталды.