Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған естелік медальмен марапаттады

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы машинист Базарбай Бурбаевтың шаңырағында болды. 

Өңірден майдан даласына аттанып, қайта оралғандардың ішінде көзі тірі жалғыз майдангер-теміржолшы әлі де ширақ. Бөлімше өкілі қарияны Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған естелік медальмен марапаттап, төсбелгіні ардагердің кеудесіне тақты. 

«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, Жеңіске атсалысқан атаапаларымызға мәңгі қарыздармыз. Сіздер дұшпан табанынан байтақ даламыздың топырағын қорғап, бабалар сертіне адалдық таныттыңыздар. От пен оқтың ортасында қан кеше жүріп, туған Отанымызды қорғадыңыздар. Қарт жауынгерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны біздің де жанымызға батады. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды», – деді Серік Ақшораев. 

Өз кезегінде Базарбай қария да теміржолшыларға алғысын жеткізіп, естеліктерімен бөлісті.

«Менің жасым тоқсанның бесеуіне келді. Ұрпағымның да ұзақ жасауына тілектеспін. Осынша ғұмыр жасасам да есту қабілетім жақсы, көзім де алыс-жақынды ажырата алады. Мен 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, 393-ші полк құрамында минометші болдым. Алайда, бізді елдің батысына емес, Манчжурия, Қиыр Шығыс майданы әскерлерінің құрамына жіберді. Майдан даласынан ел қатарлы 1945-те емес, 1947 жылы ғана келдім», – деді соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған қарт майдангер. 

Соғыстан оралған соң зейнетке шыққанша Жамбыл локомотив депосында машинист болып жұмыс істеген қария жеті бала тәрбиелеп өсіріп, олардан он бес немере, он бес шөбере сүйіп отыр.