Майдангерге марапат тапсырылды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Болашақ ұрпақтың амандығы үшін толарсақтан қан кешіп жүріп елге бейбіт күн сыйлаған майдангерлер қазіргі таңда саусақпен санарлық. Олардың ерлігінің даңқы ешқашан өшпек емес, себебі ерлікті үлгі етер ұрпақтары бар, ерлікті дәріптер елі бар.

Майдангерлердің ерлігін насихаттап, ұрпақтың жадын жаңғырту мақсатында және Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл толуына орай С.Нұрмағамбетов атындағы қор еліміздің соғыс ардагерлерін айтулы мерекеде «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл» естелік төсбелгісімен марапаттауда екен. Осыған орай Қызылорда ЖТ бөлімшесі есебіндегі ҰОС ардагерлеріне марапатты Қазкөліккәсіп ҚБ Қызылорда филиалының басшылығы арнайы құттықтап, марапаттарын табыс етті.

– Ардагерлерге құрмет көрсету – сырбойылық теміржолшылардың жазылмаған заңдылығы.

Бұл дәстүр бізге дейін жасалып келді, өз кезегімізде біз де осы қағиданы жалғастырып келеміз. Және де бүгінгі құрмет пен марапаттың өзіндік орны бар. Оның ерекшелігі Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл толуына орай Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы қордың еліміздің соғыс ардагерлерін «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 75 жыл» естелік төсбелгісімен марапаттауы болып отыр. 

Бөлімше бойынша бірнеше ҰОС ардагері бар, олардың кейбірі облыс орталығынан жырақта тұрады, дегенмен оларға да марапаттарын арнайы тапсыратын боламыз. Біз бүгін Қызылорда жол дистанциясының кәсіподақ ұйымы төрайымы Ғалия Ноғайбаева және бірнеше теміржолшымен бірге барып дистанцияның есебіндегі ҰОС ардагері Любовь Колесникке марапатын табыс етіп, ұйым атынан қосымша арнайы сый-сияпат жасадық, – деді Қазкөліккәсіп ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов. 

Ардагерлерге арналған арнайы марапат алдағы күндері бөлімшенің Сексеуіл және Қызылорда станцияларында тұратын ҰОС ардагерлері Талжан Жанасов пен Төлеген Жүнісовке де жеткізіліп, кәсіподақ ұйымының сыйлығымен қоса табысталатын болады.