Павлодарда жазғы жол жұмыстары жоспарға сай орындалды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Павлодар магистральдық желі бөлімшесінде жол шаруашылығы бойынша жазғы жол жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Биыл бөлімшеде 28,414 км көлеміндегі теміржол мердігерлік тәсілмен күрделі жөндеуден өту жоспарланған. Бұл шаруа «Теміржол жөндеу» ЖШС – Астана жол машиналары станциясы ұжымының күш жұмылдыруымен кестеде бекітілген мерзімге сай уақытылы атқарылды. 

Көлемді жұмыс, яғни 22,654 км жол ӨлеңтіҚоржынкөл аралығында орындалса, ӨлеңтіБозшакөл аралығындағы 5,76 км жолға да күрделі жөндеу жүргізіліп, теміржолдар жаңа келбетке ие болды. 

– Өндірістік бағдарлама шеңберінде теміржолдардың сауықтырылуына басымдық беріліп, жылдан-жылға жұмыс көлемі артып келеді. Қазір жөндеу жұмыстары бұрынғыдай алдын ала жоспарланған тәсілмен емес, нақты жолдың техникалық жағдайына қарай, яғни айқын фактіге сүйене отырып, орындалады. Міне, биыл біздің бөлімше бойынша 30 шақырымға жуық жол көлемі күрделі жөндеуден өтті. 

Бұдан бөлек 16,97 км жолға шаруашылық тәсілмен, яғни Ақадыр ПЧМ мекемесінің күшімен күшейтілген орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның 9,8 шақырымы Еңбекшілдер-Айсары аралығындағы жол болса, қалған 7,17 км көлеміндегі жол Павлодар-Сортировка және Ақсу-1 станцияларындағы станциялық жолдар болып отыр, – деп бөлімшеде атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді Павлодар НЖС өкілі Б.Тайлақов. 

Оның айтуынша, Ақадыр ПЧМ мекемесінің қатысуымен 11,502 км жол бойындағы тіреуіштер тұтасымен алмастырылса, 16 км жуық жолдың ескі жарамды рельс тізбектері жаңасымен ауыстырылған. 

Ауыр салмақтағы пойыздар тыным таппай жүйткіп жататын аймақта қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға ерекше мән берілген. Мәселен, биыл бөлімше бойынша 70 км жол бойына шаруашылық тәсілмен малға қарсы қоршау орнату жоспарланған екен. 

Қазіргі күні жоспарлы жұмыстың 90 пайыздан астамы орындалған. Жұмыстар жалғасуда. Десе де, бөлімше қызметкерлері атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан малдың жолға шығып кетуі салдарынан машинистердің шұғыл тежегішті іске қосуы азаймай отырғанын айтады. Жыл басынан бергі он ай ішінде, малдың жолға шығып кетуін болдырмау және алдын алу мақсатында жол дистанцияларының қызметкерлері мал иелері мен бақташыларға теміржолға жақын маңда мал бағу ережелерімен таныстыру жұмыстарын жүргізіп, 2525 адамнан танысқанын растайтын құжатқа қол қойдырып та алыпты. 

Сонымен қатар станцияларда мыңнан астам адамға жиындар ашып, тағы да қауіпсіздік ережелері күн тәртібіне шығарылған. Бұдан бөлек, ауыл әкімдеріне пойыз астына басылып қалған малға қатысты соны фактілерді тіркей отырып, 250-ден астам хат жолданыпты. Алайда, жол шаруашылығы мамандарының бұл жұмыстары мардымды нәтиже көрсетпей отыр.