Бір әулеттен - алты машинист

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Теміржолда кәсіптің жеңілі жоқ. Бірақ машинист болу оңай емес, асқан төзімділікті, жоғары біліктілік пен қырағылықты талап ететін мамандық иесі атанудың да жолы жеңіл емес. Өзенбай Азамат – міне, сондай жауапкершілігі мол кәсіпті ширек ғасыр абыроймен атқарып жүрген маңғыстаулық машинистердің бірі. 

Алғашында локомотив пайдалану депосының ТҚК-2 цехында тепловоз жөндеушісі, слесарь болып еңбек жолын бастаған. Екі жылдан кейін, 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы тепловоз машинисі көмекшісін дайындау курсына жіберіледі. 

Оны бітіріп келіп тепловоз машинисінің көмекшісі болып ауысады. Жол бойы тепловозға техникалық қызмет көрсетуде, жұмысын дұрыс қадағалауда қамшы салдырмайтын елгезек жігіт жақсы машинист көмекшісі атанады. 2001 жылы тепловоз машинисі курсынан өтіп, сол жылы жүк пойызының тізгініне отырады. Алдымен үшінші класты машинист дәрежесін алады. 2010 жылы екінші класты машинист деңгейіне жетеді. Міне, содан бері 25 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қазірде Маңғыстау-Бейнеу станциялары аралығына тұрақты қатынайтын депоның маңдайалды машинисі. 

Айтпақшы, кейіпкеріміз әу баста мұнайшы болған көрінеді. Мектептен кейін сол кездегі Шевченко қаласындағы №6 училищені төртінші разрядты бұрғышы көмекшісі мамандығы бойынша бітіріп, 1993 жылы әскерден келген соң КМНГР бұрғылау мекемесінде өз мамандығы бойынша екі жылға жуық жұмыс істеген.

 – Бұл Кеңес Одағаның ыдырап, Тәуелсіздік алған кездер еді. Заманның қиындығына байланысты КМНГР Маңғыстаудағы ең ірі мекеме болса да құлдырай бастады. Жас мамандардың сапында мен де қысқартуға түстім. 1995 жылы Маңғыстау локоматив пайдалану депосына жұмысқа орналастым. Мұнда да жағдай мәз емес екен. Көбі жұмыстан шығып кеткен. 

Лас, май сасыған ескі тепловоздармен жұмыс істейсің. Қосалқы бөлшектер жоқ. Оның бәрін айтсаң сөзі көп. Айтпасаң, қазіргі жағдайға да қанағаттанбай жүрген жастар біле бермейді. Біз бертін келе ғана жаңа тепловоздарға жеткенбіз. 

Маңғыстау локомотив депосына жаңа тепловоздар алғаш рет 2003 жылдары алынды. Оған дейін әр жерден қалғанды қолданып келгенбіз, – деп еске алады кейіпкеріміз. 

 Айтуынша, теміржолшы болған әкесі бала кезден бар баласын өз мекемесінде «тегін жұмысшы» ретінде шыңдаған көрінеді. Сосын оған деподағы жұмыс еш қиын болмаған. Әрине, осындай отбасыдан шыққан ұлдардың бәрі дерлік теміржолды таңдаған. Басқа соқпаққа түскен Өзенбайдың өзі бір-екі жылда қайта айналып қазығын тапқан. Бүгінде Өзенбай Мұсаұлының ағасы Қалбек Азаматов – машинист-нұсқаушы. 

Бір інісі Сайлау мен ағасының ұлдары Қайсар мен Сабыржан – тепловоз машинистері. Кенже бауыры Бауыржан да локомотив депосында машинист көмекшісі. Бұл әулеттен шыққан ағайынды алтау темір тұлпарды тізгіндеп мініп, түбек теміржолының тасымалын тасқындатуда. 

− Әкем бізді төзімділікке үйретті. Қазір қандай жетістікке жетіп жүрсек, соның жемісі. Әйтпесе, мен теміржолға келген уақыттарда жағдай оңып тұрған жоқ еді. Сондай қиын күндердің бірі қазір есіме түсіп отыр. 1998 жылдың күзді күндері еді. 

Қатты жаңбыр жауып, селге айналды. №10-9 бекет аралығында жауынның су өткелдеріне сыймай 7-8 шақырым жерді шайып кетті. Бір демалыс күні-түні үй бетін көрмей бүлінген жерлерді ретке келтірдік. Сол заманда адамдардың еңбекке деген көзқарасы басқаша болған ба, білмеймін. Айдалада жатырмыз. Артымыздан келіп тұрған тамақ та шамалы, жататын жеріміз ескі жолаушы вагоны, бізге ештеңе керек емес, бар ынтамыз жұмыста. 

Қазір адамдарда жұмыстан гөрі сұрақ көбейген бе, қалай?! Бір нәрсе бола қалса, «неге мынандай?...» деп шыға келеді. Ол уақытта сұрақтан жұмысы көп еді. Адамдардың пиғылы кең, жоқтан жонып бар етіп, әр нәрсені кеңдікпен қабылдайтын. Өзіміз де ескі тепловоз-дарды құрап-сұрап ретке келтіріп, тізгіндеп кете беретінбіз, – дейді Өзенбай аға өткен күндерді еске алып. 

Қоғамшыл, тынымсыз жан – депода техникалық инспекторлар төрағасы. Бұл міндетті атқару кезінде жұмыс орындарының жақсаруы, материалдық жабдықтармен қамтамасыз етілуі, техникалық қауіпсіздіктің сақталуын қадағалап, кемшіліктерді басшылық алдына қояды, оның орындалуын қадағалайды. Бұл жұмыстарға айына 14 сағатын арнайды. Жұмыс пен демалысы аралығында жеті сағаттан екі күнін осыған бөледі. Мұндай ңбекқорлықты ол отбасында әке тәрбиесінен сіңірсе керек.