Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

«Қыс келеді қырыннан, қамыңды жаса бұрыннан» демекші, қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа дайындықты теміржолшылар ала жаздай жасайды. Қатал маусымда электр желілері сыр беріп, «әттеген-ай» болмас үшін ерте бастан қарекетіне кіріскен маңғыстаулық электрмен жабдықтаушы мекеме бүгінге дейін біраз шаруаның басын қайырды.

Мекемеде атқарылып жатқан осы және басқа да жұмыстар туралы мәлімет берген Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы Сұлтанбек Қонаевтың айтуынша, дистанция ағымдағы жылдың тоғыз айлық жоспарына сәйкес алдын алу, жөндеу жұмыстарын жүз пайызға орындаған.

Нәтижесінде осыған дейін 7159,95 шақырымдық А/Б және ПЭС желісі бақылаудан өткізілген. Сонымен қатар, қысқа дайындық пысықталып, 3,2 шақырым АС-35, АС-50 типті желісі, ШС-10 маркалы оқшаулағыштың 1125 данасы, 34 дана РЛНД-10, 350 метр КЛ-0,4 кВ тексеріліп, жарамсыздары ауыстырылған. Ең бастысы, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі бұзылмай, жыл басынан осы күнге дейін АЛСН, СЦБ ақаулары тіркелмеген.

− Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы – темір жол көлігіндегі жүк және жолаушылар тасымалын, тұтынушыларды электрмен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз етіп отырған негізгі кәсіпорындардың бірі. Өзінің балансында электр құрылғылары мен электр желілері бар мұндай мекемелер оларды қалыпты жағдайда ұстау мақсатында белгілі жұмыстар жүргізуі тиіс. Осы орайда біздегі жағдайға келсек, электр қондырғыларының алдын алу тексеру-жөндеу жұмыстары ҚР «Электр қондырғыларын техникалық пайдалану» Ережелеріне сәйкес мерзімде, шығарушы зауыттардың нұсқаулықтарына сәйкес, ағымдағы жағдайына байланысты дистанция электр құрылғыларына жауапты тұлғамен жасақталып, бір жылға бекітіледі. 10 кВ автоблоктау және бойлық электрмен жабдықтау жоғары кернеулі әуе желісіне алдын алу жөндеу жұмыстары көктемде және күзде, яғни жылына 2 рет жүргізіледі. Осы мақсатта қызмет көрсету аймағы Тассай станциясынан Болашақ-Түркіменстан шекарасына дейін, Бейнеуден Оазис, Боржақтыдан Ерсай станцияларына дейін 1086,15 шақырымды құрайтын әуе желісіне күзгі алдын алу тексеружөндеу жұмыстарын жүргізу үшін дистанцияның желілік бөлімшелерінен 6 бригада жасақталды. Сол бригадалармен дистанция бойынша 10 кВ автоблоктау және бойлық электрмен жабдықтау жоғары кернеулі әуе желісіне күзгі алдын алу тексеружөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы Сұлтанбек Қонаев. 

Дистанция бастығы атаған алдын алу тексеру-жөндеу жұмыстарын таратып айтсақ, 10 кВ автоблоктау және бойлық электрмен жабдықтау жоғарғы кернеулі әуе желісі құрылғыларына тексеріс жүргізіліп, оқшаулағыштар тазаланған. Олардың бүтіндігі, орнатылу беріктігі, КТП(О) трансформаторлары, олардағы май деңгейлері тексерілген. Электр құрылғыларындағы қауіпсіздік белгілері жаңартылып, тірек негіздері сырланды. Желілік ажыратып-қосқыштар қалыпқа келтіріліп, боялды. Сигналдық нүктелер тексеріліп, талапқа сәйкестендірілді. 

Қажет жағдайда оқшаулағыш траверстер ауыстырылып, тіректер түзетілді. Желі сымдары ауыстырылды және тағы да басқа ұсақ-түйек шаруалар. Мұндай жұмыстар жоғарыда айтылған бригадалардың көмегімен қажетті деңгейде жүзеге асырылып, қазір мекеме қысқа толық дайын отыр. 

Ал бригада құрамында дистанцияның Бейнеу, Өзен, Шетпе, Сай-Өтес, Бейнеу-Тассай, Маңғыстау телімдеріндегі электромеханик, электромонтер және жүргізушілер бар