Ерен еңбектің бағасы жоғары

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Шығыстағы Семей ЖТ бөлімшесі бойынша еңбекте үздік жетістіктерге жетіп, кәсіби саланың майталман маманына айналған теміржолшылар жетерлік. 

Абыройлы қызметімен Құрметті теміржолшы атанғандардан да кенде емес. 

 Ұлттық компания тарапынан басқа да марапаттар иеленген теміржолшылар қатары тағы бірнеше адамға толықты. Биылғы жаздағы карантиндік шектеулерге байланысты теміржолшылардың кәсіби мерекесінде берілуі тиіс түрлі марапаттар өңірлерге кешігіп жетіп жатқаны мәлім. Сол себепті шығыстағы теміржолшылар да жыл үлесіндегі жетістікті еңбегінің

бағасын кешігіңкіреп барып алды. Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Сиязбек Әлішев жуырда бірқатар жергілікті сала қызметкерлеріне Нұр-Сұлтан қаласынан жеткен марапаттарын ұжым мүшелерінің алдында салтанатты түрде табыс етті. Мерейі тасыған жандардың арасында шойын жол саласында 30 жылдан аса еңбек өтілі бар Семей локомотив пайдалану депосының машинисі Қайрат Жұмақанов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін өңіріне тақты.

Сонымен қатар, еңбек өтілі 400 жылдан асатын әйгілі династия өкілі, Жарма станциясының бастығы Мұхаметқали Мұсабаев бастаған бірқатар теміржолшылар Құрмет грамотасымен марапатталды. Салада ұзақ жылдық абыройлы еңбектері бар Камила Баймолдаева, Серік Тлеуханов, Виктория Горлова, Айгүл Аужанова, Мейрамғайып Өтелбаев Алғыс хатқа ие болды. Марапатқа кенелгендер арасында, әсіресе, үш бағытқа сапалы қызмет көрсететін Семей вагон пайдалану депосының теміржолшылары көп болды. 

Бөлімше басшысы еңбектерінің лайықты бағасын алып, мерейі үстем болған теміржолшыларды құттықтап, жылы лебіз білдірді.