Марапат иесін тапты

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау магистральдық желі бөлімшесінде 2019 жылдың қорытындысы бойынша салалық жарыс жеңімпаздарын ма- рапаттау рәсімі өтіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан темір жол қызметкерлері мен еңбек ұжымдары құрметке ие болды. Әрине, марапаттардың кешігіп келіп жатқаны да, оған наурыз айынан бері COVID-19 індетіне байланысты елде жарияланған карантин себепші болғаны да рас.

Бірақ «Ештен кеш жақсы» деген. Бүгінгі сәтте темір жол қатынасы қайта ашылып, байланыс орнатылған соң елордада кідіріп қалған марапаттар да келіп жетті. Оны бөлімше басшысы Елеубай Сапаров ұжым алдында иелеріне табыстады. 

– Әлемді шарпыған індет жағдайына қарамастан, елімізде үздіксіз жұмыс жасап, кідіріссіз еңбек еткен сала болса, ол – темір жол һәм теміржолшылар. Бөлімшеміз биылғы жыл қорытындысымен де салалық жарыста алдыңғы лектен көрінгені – біз үшін үлкен абырой. Ол – сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасы. Өкінішке қарай, коронавирус індеті теміржолшыларды да айналып өтпеді, кейбір әріптестеріміз ауырып, дүниеден озғаны да бар. Соның бірі – Мақат вокзалының бастығы болған әріптесіміз Бибігүл Бозжігітова. Ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаевтың 24 маусымдағы хаттамасымен «Үздік маман» белгісімен марапатталған бола тын. Алайда, шілде айында әріптесімізден айрылып қалдық. Жоғарыда айтқан себептерге байланысты марапат кеш табысталып отыр, – деді ол.

«Үздік маман» белгісі Бибігүл Бозжігітованың қызы Гүлжанға табыс етілді. Басшының атап өткеніндей, Мақат вокзалын көп жылдар басқарып, оның жолаушыларға лайықты қызмет көрсетуіне үлкен еңбек сіңірген теміржолшының ерен еңбегінің арқасында сервис жақсарып, ғимарат жөнделіп, сырты абаттандырылған, айнала жарықтандырылып, көп жұмыс атқарылған. 

Сондай-ақ оның иелігінде барлығы тоғыз вокзал болыпты, Олар: Мақат, Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Кенбай, Жамансор, Доссор, Ескене, Таскескен вокзалдары. 

2019 жылдың қорытындысымен өндірістікшаруашылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін «Атырау магистральдық желі бөлімшесі» ұжымы 2-дәрежелі дипломмен марапатталып, ол бөлімше басшысының бірінші орынбасары Ж.Жөнтұрбаевқа табыс етілді. Атырау электрмен жабдықтау және Мақат қалпына келтіру пойызы ұжымдары да осындай атаққа ие болып, 3-дәрежелі дипломға қол жеткізді. 

«Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен Ганюшкино станциясындағы өрт сөндіру пойызының өрт сөндірушісі Талғат Сұлтанов пен Атырау белгі беру және байланыс дистанциясының Исатай станциясындағы СОБ аға электр механигі Ержан Гайсин, «Үздік маман» белгісімен Мақат станциясы қалпына келтіру пойызының бастығы Саламат Кекілбаев, Атырау белгі беру және байланыс дистанциясының еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жетекші инженері Жаңыл Дильмағамбетова, Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы бастығының орынбасары Мейрамбек Ноғайбаев, ҚР Президентінің Жарлығымен Ақжайық қалпына келтіру пойызының гидропневматика жөніндегі шебері Әмірхан Сәңкібаев «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, мерейлері үстем болды. Оларға марапатпен қоса сыйақы да беріліп, ұжым мүшелеріне үстемеақы қосылатынын да айта кеткен жөн.