Соғыс және еңбек ардагері Қылышқан Садықов - жеңіс солдаты

Соғыс және еңбек ардагері Қылышқан Садықов қария тоқсанның жетеуіне аяқ басып отыр. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына көру бақыты бұйырған санаулы майдангердің бірі.

1923 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген ол да елмен бірге 18 жасқа толар толмаста батысқа қарай жөнелген екен. Алдымен Ташкенттегі алғашқы әскери дайындық курсынан өткен соң бірден майданға кіреді.

«Соғыстың аты – соғыс, алғашқы күндері-ақ қанша достарымнан, жерлес бауырлардан айырылдым. Етіміз үйренісіп кеткен соң, жаралы, өлі солдаттарды көргенде қайтсек те кегімізді аламыз деп қорқынышты ұмытып, тіпті өршелене түсетін болдық», – дейді қария сол бір кездерді еске алып.

Соғыс жылдарында қазақ жауынгерінің ерекше ерлігі қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан кездері үзілген байланысты мінсіз жалғап, қалпына келтірген кәсібилігінде болды. 1944 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған жауынгер 1945 жылы тағы да «Ерлігі үшін» медалімен, сосын «Ұлы Отан соғысы» 2 дәрежелі орденімен маратталады.

Соғыстың соңына дейін «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Беларуссияны азат еткені үшін» медальдарын төсіне тағып, Польша елін азат етудегі қаһармандығы үшін Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатын иеменіп, елге Жеңіспен оралды. Елге келген соң Алматы теміржол бөлімшесіне қарасты Үштөбе, Матай, Қараой станцияларындағы белгі беру және байланыс дистанцияларында электромеханик болып жұмыс жасады. Соғыста жауып тұрған оқ пен оттың ортасында да жұмыс істеді.

Сондықтан оған бейбіт өмірдегі бұл қызметі еш қиындық туғызбады, қайта ерекше ләззат сыйлады.Таныс қызметті қай стацияда болса да тез меңгеріп әкеткені өз алдына, бірталай жаңалық енгізді. Қылышқан Садықовтың бір өзі теміржол саласында 47 жыл, 11 ай жұмыс жасаған екен. Бүкіл әулетімен қосып теміржол саласында еңбек еткен жылдарын есептесек, 550 жылға жеткен.

Қылышқан ақсақал жұбайы Уашпен бірге 8 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған олар барлық балаларына жоғары білім әперіп, олардың барлығы дерлік теміржол саласына жұмыс істеп, түрлі мамандықты меңгерді.

Жұбайы Уаштың өзі теміржолсуда жұмыс істеп, «Өз ісінің үздігі» медалінің иегері атанды. Ал, Қылышқан ақсақалдың соғыста алған наградалары бейбіт өмірде «Еңбектегі ерлігі үшін», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Онбірінші бесжылдықтың» жүлдегері сияқты марапаттармен толықты. Елбасының Алғыс хатына ие болды. 2018 жылы Жеңіс күніне орай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаевтың арнайы сағатымен марапатталды.

Алматы баспасынан жарық көрген Экономика ғылымдарының докторы Н.К.Исинғариннің «Қазақстан теміржолындағы автоматика, телемеханика және байланысты дамыту» атты кітабында Қылышқан Садықовтың соғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі ерен еңбектері сөз болады.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кезінде Беларуссияның Қазақстандағы елшісі Қылышқан Садықовқа Жеңістің мерекелік медалін табыстаған болатын. Биылғы жылы, 10 наурызда Беларусь елін неміс басқыншыларынан азат еткеніне 75 жыл толуына байланысты мерекелік медальді тағы да сол елшілік соғыс ардагеріне салтанатты түрде табыс етті. Бұл жолы мерекелік медальді Беларусьтың Қазақстандағы елшісі А.И.Ничкасов тапсырды.

Бүгінде Қылышқан ақсақал кіші баласы Мираштың қолында тұрып жатыр. Кемпірі Уаш бұдан 9 жыл бұрын дүние салды. Ұлы Мираш Қараой станциясында станция кезекшісі болып істейді. Ақсақал 8 баласынан 25 немере, 45 шөбере, 2 немене көріп отыр, енді шөпшек қолынан су ішпек ниетте, соған жазсын дейік.

Төребай КЕНЖЕБАЙ