Оғыз-қорғанда өткен еді...

Түрксіб темір жолының ашылуы 1930 жылы кеңес еліндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болғаны анық. Сол айтулы оқиғаға 90 жыл толып отыр. Ұлы құрылыстың оңтүстік және солтүстік тармағы түйісуінің салтанатты шарасы өткен Жетісу жеріндегі Айнабұлақ станциясы ертеде Оғыз-Қорған деп аталған екен.

Сол Оғыз-Қорғанда өткен салтанатты митингте РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, Қазақстан ХКК төрағасы О. Исаев, Башқұрт ОАК төрағасы Т.Ш. Шафиков, Коминтерн Атқару комитеті президиумының мүшесі Сен-Катаяма, сондай-ақ Семейдегі Қытай Бас консулы Мо-Вей-Тун қатысып сөз сөйлегені айтылады. КСРО-ның түкпір-түкпірінен тілшілер, оның ішінде «Гудок» газетінің өкілі Илья Ильф пен Евгений Петров келді. Олардың әйгілі «Алтын бұзау» романында Түрксіб «Шығыс магистралі», ал түйісу орны - «Даңғырлақ бастау» деп аталады. Демек, астыртын миллионер А.И.Корейконың сырлы миллионды асқан шебер алаяқ Остап Бендерге беруі осы Айнабұлақ станциясында болған.

Жалпы, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Орталық Азия мен Сібірді байланыстырған бірегей жоба Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы (Түрксіб) 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында қазақ халқын біріктірді. Көпшілік үшін бұл жаңа, жақсы және жарқын өмірдің үмітіне айналды. Түрксіб тарихы - бұл ең алдымен теміржолда жұмыс істеген қарапайым қазақстандықтар. Құрылыс алаңына Кеңес елінің түкпір-түкпірінен жұмысшылар келді.

Дала, өзендер мен таулар арқылы мың жарым шақырым темір жол салынды. Құрылыс бастапқыда 5 жылға жоспарланған болатын, ал іс жүзінде үш жарым жылда салынып бітті. Көптеген тарихи тұлғалар Түрксібпен байланысты. Мысалы, әлемге әйгілі Калашников автоматын жасаушы Михаил Калашников Түрксібте (Матай станциясында) жұмыс істеді және оның айтуынша, оның техникаға деген қызығушылығын тудырған депо машинистері мен темір ұсталары болған. Түрксіб құрылысына көмек көрсету комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышпаевтың рөлін ерекше атап өткен жөн. Оның бастамасы арқасында жол жөндеуші агенттер курсы құрылды, онда алғашқы жылы-ақ елуден астам қазақтар оқытылып, мамандық алып шықты.

Ал, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бұл құрылысты басқарып, жүргізудегі орны мен рөлі орасан зор. Ол қазақтарды теміржол құрылысына тартып, олардан жұмысшылар және маман кадрлардың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақ даласында жүріп жатқан ұлы құрылыстың тікелей басы-қасында болып, жан аямай еңбек етті. Ф.Голощекиннің және оның айналасындағылардың қарсылығына қарамастан өзі бұрыннан білетін М.Тынышпаевты қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді теміржол маманы ретінде Түрксіб құрылысына тартты. 1958 жылы Түркістан-Сібір теміржолы Қарағанды темір жолымен бірге Қазақ темір жолына біріктірілді. 1977 жылы Қазақ теміржолынан Алматы темір жолы болып бөлініп шықты. Содан кейін тәуелсіз Қазақстанның барлық темір жолдары біріктіріліп, 1997 жылы «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ұзындығы 1500 шақырымдық Түрксіб теміржолы барлық үмітті толық ақтады, Қазақстан мен Орталық Азия республикалары экономикасы мен мәдениетінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.

Оның айналасында көптеген өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындары құрылды. Түрксіб отандық теміржол салу мектебі ретінде де белгілі болды. Мұнда көптеген теміржол мамандары қалыптасып, олар жақсы кәсіби дайындықтан өтті және керемет инженерлік кадрлар өсіп шықты. Түрксіб құрылысшыларының тәжірибесі мен қызметі отандық теміржол құрылысының алтын қорына айналды.

Олардың ұрпақтары бүгінгі күні өз ата-бабаларының игілікті істерін үлкен жауапкершілікпен одан ары жалғастыруда. 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы