Ұлы құрылыс рухы

Түрксіб – көптеген есімдер мен деректер және оқиғаларды топтастырған құбылыс. Ал темір жол көлігіндегі Орталық мұражайда сақталған, өткен ғасырдың 30-шы жылдары шыққан «Правда» газетінің сарғыш тартқан беттерінен бұл жолды адамдардың қандай ерлікпен тұрғызғанын, ұлы жол оларды қалай тәрбиелегенін байқауға болады.  

Түркістан-Сібір магистралі өте ауыр жағдайда салынғаны тарихтан белгілі. Жолдың көп жерінде жол таулар, жыралар, өзендер, сусыз жазық далалармен қиылысып жатты. Жазда адамдар 60 градусқа дейінгі ыстық аптапта, қыста қарлы боранда жұмыс істеді.

Жолдың құрылысына 40 мыңға жуық жұмысшы мен инженерлік-техникалық жұмысшылар жұмылдырылды. Тек бір ғана Ертіс өзенін кесіп өтетін көпірдің өзін салуға үш ауысымда 850 жұмысшы жұмыс істеді.

Расында мидай жазық дала мен құм жерлерді, буырқанған өзендерді бағындырған адамдардың еңбегіне таң қалмасқа болмайды, олар 180 текше метр тас, бетон, темір-бетон қатпарларды салып, жерді күрекпен, машинамен күреп, алда магистраль салу үшін 23 текше метр жерді дайындап отырды.

Мұражайда Шоқпар асуындағы оқиғалар, құрылысшылар жолында тұрған даланың «мәрмәр сақшылары» ерекше көрініс тапқан.

«Құрылысшылар асуға қарай алынбайтын қамалға бара жатқандай аяңдады. Ұңғымаларға аммонал жарылғышы салынып, білте тұтатылды. Үлкендігі орасан зор, салмағы 50 келіге дейінгі тастар, кіп-кішкентай ядро күшінен 200 метрге дейін қашықтыққа шашырап жатты. Табиғат ана тұрғызған қамал құрылысшыларға бағынғысы келмейтіндей» деп жазады сол кездегі басылым.

Шоқпарды жеңу үшін құрылысшыларға 5 мыңға жуық ұңғыманы іске қосып, оларда 4 тонна аммонал пайдалануға тура келді. Әрбір жарылыс сайын таулы жырада қисық жоталар, тісті аңғарлар пайда бола берді. Оны түзеу үшін тағы да тесіп, жаруға мәжбүр болды.

Мұндай кезең Түрксібтің барлық құрылысына тән болды. Адамдар еш қиындыққа қарамай жұмысын жалғастыра берді. Ұлы құрылыс жайында тек «Правда» ғана жазып қойған жоқ. Мұражайда Түрксіб тарихын «Рельсы гудят» және «Түрксіб» деген көп тиражды газеттер де сақтап тұр.

Оның қызметкерлерінің бірі белгілі жазушы, журналист Павел Кузнецов болды. Ол керемет очерктер жазып қалдырды. Түрксіб тарихында алаштың қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың, құрылыс бастығы Владимир Шатовтың, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы Мұхамеджан Тынышпаевтардың есімі алтын әріппен мәңгі жазылып қалды.