Тараз тарландары топ жарды

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Жамбыл ЖТ бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың қолдауымен және бөлімшенің жастар ісі жөніндегі өңірлік өкілі Дәулетбек Жолдасбаевтың ұйытқы болуымен Таразда ҚТЖ лигасының жетінші аймақтық жайдарман ойындары өтті.

Жастар жылы аясында өткізілген жайдарман ойынында жамбылдық «Тараз темір жол тарландары» («ТТТ») командасынан бөлек Достық, Алматы, Шымкент бөлімшелерінің командалары да бақ сынады.

Компанияның 2016-2021 жылдарға арналған жастар саясатын дамыту бағдарламасын іске асыруға, корпоративтік мәдениет пен жұмысшыларды өнерге тартуға, көңілді тапқырлар клубы қозғалысына жастарды баулуға және ең бастысы Компанияның имиджін көтеруге бағытталған әзілкеш жастар жайдарман ойынының ашылуында Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков сөз сөйлеп, оңтүстік өңірдің өнерлі қызжігіттеріне сәттілік тіледі.

Әзілге бір иығын беріп тұратын шымшыма тілді теміржолшы жастардың өнерін қазылар алқасының құрамындағы «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының Адами ресурстарды басқару департаментінің менеджері, қазылар алқасының төрағасы Ерлан Сарбасов, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Анатолий Ким, Жамбыл облыстық кәсіподақтар ұйымының өкілі Бауыржан Қоңырбаев, тараздық танымал «Парни за линией» командасының капитаны Аят Төлепберген, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің персоналдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Айнагүл Нағашбек сынды өз саласының білікті мамандары жіті қадағалап, бағасын берді.

Сәлемдесуден бастап, қоштасуға дейінгі аралықта бірқатар талаптар бойынша бар өнерін көрсеткен командалар арасынан жалпыкомандалық есепте тараздық теміржолшылар командасы үздік шығып, алдағы уақытта өтетін республикалық жоғары лига ойындарына жолдама алды. Ал шымкенттік Қайнар Исаев «Үздік ойыншы» атанса, Алматы бөлімшесінің командасы «Үздік сәлемдесу» аталымы бойынша марапатталды. «Достық» командасы да ерекше әзілдерімен көзге түсіп, «Үздік әзіл» номинациясын жеңіп алды. Үй тапсырмасын жоғары деңгейде ойнап шыққан жамбылдық жайдарманшылардың «Үздік үй тапсырмасы» аталымында бәрінен бәсі биік болды.

– Мұндай шаралар теміржолшы жастар арасында бұрыннан қалыптасып қалған, дәстүр болып жалғасып келе жатқан бауырмалдық, достық, татулық деген ұлы ұғымдардың аясын одан сайын кеңейтіп, бірлігімізді бекіте түспесе, кедергісін келтіре қоймас. Біз әр өңірден келсек те бір ұжым екенімізді айшықтау үшін ұйымдастырылған шара бұл. Сондықтан, осы жайдарман ойынының ойдағыдай өтуіне қолдау білдірген бөлімше директоры Б.Ақшаловқа ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді бөлімшенің жастар ісі жөніндегі өңірлік өкілі Дәулетбек Жолдасбаев.

Командалар өнер кешінен соң көне Тараз шаһарының көрікті жерлерін аралап, рухани сергіп қайтты. Ал жеңімпаз «ТТТ» командасы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚның Кубогы сарапқа салынатын Жоғарғы лига ойындарында бағын сынамақ. Айта кететін жәйт, тараздық теміржолшылардың командасы биыл кіл жастардан қайта жасақталған.