Жамбыл – химия өнеркісібінің отаны

Жасулан Сейлханов

Жасулан Сейлханов

Киелі Әулиеата өңірі – химия өнеркәсібі мықтап дамыған аймақтардың бірі. Облыста осы сала бойынша өндіріс дамып, өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік септігін тигізіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары кеншілер қаласы Жаңатаста тәуелсіздіктің елең-алаңында тұралап қалған өндіріс ошақтарына жан бітіп, қайта жаңғыра бастады.

Салаға серпін әкелген «ЕвроХим» минералдық-химиялық компаниясының бүгінде жұмысы жүйеленіп, зауыт өндірістік қуаттылығын арттыру үшін жаңа жобаларды қолға ала бастаған. Ал фосфор мен минералды тыңайтқыштар өндіру жөнінен елдегі іргелі өндіріс орындарының алды болып тұрған «Қазфосфат» ЖШС алдағы екі-үш жылда тағы бір аммофос цехын салып, зауыт қуатын екі еселемекші. Осы жағдайларға байланысты Жамбыл жүк тасымалы саласында тасымалдау, логистиканы күшейту қарқын алды.

2012 жылы ҚР Үкіметі мен «ЕвроХим» арасында «Қазақстан Республикасындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі және Қаратау фосфат бассейнін игеру бойынша зауыт құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру туралы тарихи келісімге қол қойылып, кен өндірудегі жұмыстарын бастап кеткен-тін. Түркістан және Жамбыл облысындағы екі фосфат кен орнында өндіріс 2014 жылдың басынан бері жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қытай және Орталық Азия нарығындағы калий сульфаты мен күрделі тыңайтқыштарды өндіретін кәсіпорын құру жоспарланып отыр.

Бүгінде компания кальций хлориді, кальций сульфаты және күкірт қышқылының қажеттіліктері үшін дикальций фосфатын өндіреді. Компанияның өндірістік активтері Ресейде, Латвияда, Бельгияда, Қытайда, Бразилияда орналасқан. 25 елдегі сату кеңселері 100-ден астам елдің клиенттеріне қызмет көрсетеді. Сонымен қатар компания азот пен фосфат тыңайтқыштарын шығарып, калий кен орындарын игеруді бастады. Компанияның барлық өнімдері стандартты, яғни жалпы мақсаттағы тыңайтқыштар және ұзақ уақыт қолданылатын, сондай-ақ мамандандырылған тыңайтқыштар.

Кен орындарын игеру бойынша инвестициялық жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Нәтижесінже фосфат кенін өндіру және алғашқы өңдеуге арналған жобалық қуаттылыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2017 жылдың наурызында 1 миллион тонна фосфорит кені өндірілсе, өткен жылдың ақпан айында миллион тоннадан аса фосфат алынатын ұнтақ өндіріліп, тұтынушыларға жөнелтілген. Ендігі жерде инвестициялық жобаның екінші кезеңінің егжей-тегжейлі жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нақтырақ айтқанда, бұл кезеңнің 70 пайыздан астам жұмысы аяқталып, химия кешені құрылысының алаңын дайындау үшін қазба жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу 2021 жылға жоспарланып отыр.

Жалпы «ЕвроХим» ЖШС соңғы жылдары өнім түрлерін де, көлемін де арттыруға күш салып келеді. Мұны Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының логистика жөніндегі орынбасары Әділ Түсіпов те растап отыр. Оның айтуынша, былтыр аталған компания 5 айға 227129 тонна өнімді темір жол арқылы тасымалдауды жоспарлап, оны артығымен орындаса, биылғы бес айға 257330 тонна жоспарлап, бірақ оның 238986 тоннасын ғана (93 пайыз) тасымалдапты. Дегенмен, былтырғыға қарағанда 105 пайызға артық өнім өндірген. Ал Жамбыл және Түркістан облыстарындағы бірқатар химиялық кәсіпорындарды біріктіретін «Қазфосфат» ЖШС-нің өндірістік нысандары – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені, жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Тараз минералдық тыңайтқыштар зауыты, Темір жол көлігі кешені, Шымкент қаласындағы синтетикалық жуу заттарын шығаратын зауыттары тірлігін тіктеп, өнім өндіруде. Серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы минералды тыңайтқыштар зауытындағы қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Сондайақ ағымдағы жылдың басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей елдеріне экспортталған. – «Қазфосфат» – біздің негізгі клиенттеріміздің бірі. Өткен жылдың бес айында 896303 тонна өнім тасымалдаса, биылғы бес айға 1 135 323 тонна жоспарлаған. Бірақ бұл жоспарға жете алмай 1077606 тонна жүк салды. Дегенмен, былтырғы есепті кезеңнің көрсеткішімен салыстырғанда биыл 120 пайызға артығымен орындап отыр. Бұл көрсеткіштен химия өндірісінің, сәйкесінше Тараз-Жаңатас учаскесіндегі жүк тасымалының көлемі жылдан-жылға артып келе жатқаны анық аңғарылады, – дейді Әділ Түсіпов. Еліміз бойынша химия саласының ең бір дамыған аймағы саналатын Жамбыл облысында өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын фосфор құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және Шу қаласындағы «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары да қолға алынған. Арнайы экономикалық аймақтың логистикалық мәселелері де шешіліп келеді. Мәселен, Шу-Аспара учаскесі арасындағы 3772 шақырымда жаңа станция пайда болды. Оны Integro компаниясы салып бітірді.

– Шудағы «Химпарк» биыл жүк салмайды бізге. Бірақ зауыттар құрылысы жүргізілуіне байланысты сырттан құрылыс материалдары көптеп келеді деп күтілуде. «ЕвроХим»өнімдерін темір жол арқылы Ресей, Өзбекстан асыруда. Олар өз өнімдерін 20-30 пайызға көбейткелі жатыр. Әзірге «Қазфосфат»тың жолдары арқылы өздерінің кірме жолына кіруде. Болашақта өздеріне жаңа жол салмақшы. Сондай-ақ жаңа тепловоз алу да жоспарларында бар. Бұл біздің де жұмыс ауқымын көбейтпек. Ал Тараз-Жаңатас – жалғыз жолды участок. Жылдамдығы әр жерде әр қалай – 25, кей жерде 40 км/сағат. Шпалдардың ескілігінен салмақ нормалары да аса сын көтере бермейді. Осыған байланысты «Қазфосфат» басшылары елордаға барып осы мәселені көтерді. Яғни, жолдың сапасын жақсартып, жылдамдықты арттырып, салмақ нормасын жоғарылатып, тепловоздарды жаңартуды сұрады. Бізде бұрын «Эволюшн» деген екі тепловоз жүретін, олар батысқа жіберіліп, орнына жаңасын алдық. Одан бөлек орта күрделі күшейту жұмыстары ЖұмаТамды аралығындағы 37 шақырымда басталып кеткен. Бүгінге 10 шақырым жолды жөндеп қойдық. Ол жердегі жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер ПМС «Ағадыр» қазір күн жылыда солтүстіктегі жолдарды жөндеп алу үшін сонда кетті. Күзге қарай бізге қайта келеді. Қазір жаңа шағылтас төсеу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Жылдамдық сағатына 40 шақырымға шықты, – дейді бөлімше директорының орынбасары.

Әділ Алдиярұлынан өңірдегі, соның ішінде Қаратау, Жаңатас қалаларындағы тау-кен өндірісінің артып келе жатқанына байланысты аталған учаскедегі темір жолды екі бағытты ету қажеттілігі туралы сұрап білдік. Дегенмен логистика маманы әзірге Тараз бен Жаңатас арасындағы учаскеге жолдың екінші бағытын салу ешқандай қажеттілік тудырып тұрмағанын ашып айтты.

– Бұл тұйық учаске ғой. Онда жеті тепловоз бар, бірақ оның бәрі бірдей емес, тәулігіне екеуі ғана алдын ала келісілген кесте бойынша жолға шығады. Оның ішінде жолаушылар пойызы да жүріп жатқан жоқ. Қазір жол табанын сауықтыру жұмыстары жүруде. Яғни, ағаш шпалды алып, темірбетон шпалдар салынуда. Бұл учаскедегі жолды біз жыл сайын күшейтіп отыруды көздеп отырмыз. Осы жұмыстардың өзі-ақ бізге олжа болғалы тұр, – дейді ол.

Сондай-ақ, Жаңатас станциясына іргелес Байқадам ауылы маңынан түріктердің компаниясы кальцийлендірілген сода зауытын салуды жоспарлап отыр екен. Биыл құжаттарымен айналысуда, 2020 жылдан бастап үш жыл көлемінде зауыт құрылысын аяқтамақ. Өндірістік қуаты тәулігіне 60-70 тоннаны құрайды. Бұл да жамбылдық теміржолшылардың жұмыс ауқымын арттыра түсетіні сөзсіз.