Іс-шаралар нәтижесіз емес

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша діни экстремизм мен террорлық қауіптіліктің алдын алуда жыл бойы бірқатар шаралар жүргізілді. 

Әр тоқсанға бөлініп, белгіленген жұмыстардың бір парасы профилактикалық іс-шараларды қамтиды. 

Бұл орайда теміржолшыларға қаладағы дін мәселелерін зерттеу орталығының теологтары көмекке келген. Діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу, сондай-ақ, теміржолшылар арасындағы жас буынның деструктивті діни ағымдар ықпалында кетуінен сақтандыру мақсатында желі бойындағы барлық мекемелерді қоса алғанда жалпы саны 7 іс-шара өткізіліпті. Оның екеуі онлайн режимінде жүргізілген. Әсіресе, Семей, Жаңа-Семей, Шар, Жаңғызтөбе, Аягөз сынды жолаушылар нөпірі аса көп теміржол вокзалдарының басшылары мен қызметкерлері және Семей әскерилендірілген теміржол күзеті сарбаздары арасындағы түсіндіру, ақпараттандыру, алдын алу жұмыстарына айрықша басымдық берілген. 

«Сақтықта қорлық жоқ» деген, теміржол бекеттеріндегі келімді-кетімді жолаушылар арасынан сырт келбеті деструктивті діни ағым өкілдеріне ұқсайтын 6 азамат тоқтатылып, тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Бір тәуірі, кейіннен анықталғандай, олардың ешбірі радикалды ұстанымда емес екен. 

Айта кетерлігі, жыл соңына дейін діни экстремизм мен радикализм профилактикасына байланысты тағы екі мәрте онлайн кездесу өткізілмек. Бұл жолы бөлімшедегі ЭЧ-18 және ШЧ-29 мекемесінің теміржолшыларына теологтар дәстүрлі дін мен деструктивті ағымдар сипаты жайында дәріс оқымақ. 

 – Аймағымыздағы ахуал қалыпты. Сондықтан болар, діни алауыздық, заңсыз миссионерлік тәрізді келеңсіз оқиғалар бөлімше көлемінде, жалпы теміржолшылар арасында жыл бойында көрініс берген жоқ. Бұл, сөз жоқ, атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесі деп білеміз, – дейді НЖС-6 бөлімшесі бойынша антитеррорлық қорғаныс бөлімінің инженер-технологы Еркін Спанов.