Түркістанға тасымалдауда

«KTZ Express» компаниясы Түркістан қаласында жаңа халықаралық әуежай салу үшін Түркиядан құрылыс материалдарының тасымалын ұйымдастырып отыр.

Бүгінгі күнге дейін 14 қырықфутты контейнер тасымалданса, тағы екеуі жолда келе жатқан көрінеді. Контейнерлерге түрлі құрылыс материалдары, соның ішінде, нәзік жүк болып табылатын шыны әйнектер тиелген.

Түркиядан жүк тасымалы Грузияның Гардабани, Әзербайжанның Беюк Кясик арқылы Ақтау портына, одан ары қарай Түркістанға ұйымдастырылған.

KTZ Express құрылыс материалдарының құрылыс басына уақытылы жеткізілуіне мүдделілік танытып отыр. Еске сала кетсек, өткен жылы облыс орталығы болған Түркістан қаласында бүгінде қызу құрылыс жүріп жатыр.

Жаңа әуежайды түрік инвесторлары – YDA Holding компаниясы жүргізуде. Әуежай халықаралық стандарттарға сай жобаланып, заманауи құрылыс технологияларын пайдалана отырып салынуда.