Иесіз мал болмайды…  

Өткен жылы Сексеуіл жол дистанциясы бойынша дистанция жолшылары тарапынан апат немесе өзге де қауіпсіздіктің бұзылу жағдайлары тіркелмеген. Алайда 108 мәрте тепловоз машинистерінің шұғыл тежегіш қолдануы тіркеліп, локомотив бригадалары 5,4 тонна дизель отынын артық жұмсауға мәжбүр болған.

Жыл он екі ай жолдың бабын жасап жол жағалап жүретін жолшыларға тағы бір міндет   штаттан тыс жүктелгелі қашан.  Ол қосымша штат – жол  бойын қараусыз, беталды жайылған малдан қору. Бұл жұмыс жалғыз Сексеуіл емес, жол дистанцияларының бәріне ортақ салмақ болып тұр. Жолшылар рельс бойын айналдыра қоршағанмен, желден ыққан немесе су іздеген иесіз мал қоршауды да бұзып-жарып, жол бойына шығып кететін жағдайлар жиі орын алады.   Осындай сәттерде иесіз малдың пойыздың астына түсіп, машинистердің жедел тежегіш басуына себепкер болуы жиі тіркелуде.  

Міне, жол күтімін жасаумен қатар осындай келеңсіздіктермен қоса күресетін Сексеуіл-Қоскөл жаңа телімі бойындағы жолшыларының өткен жылы жүргізген профилактикалық жұмысы жайлы дистанцияның жол инженері Бауыржан Төлегенов мәлімет ұсынған болатын. Маман мәліметін таратып айтар болсақ, өткен жылы телім бойында тепловоз машинистері 108 мәрте жедел тежегіш қолданып, 5,4 тонна дизел отынының артық жағылуына мәжбүр болған көрінеді.

Жалпы Сексеуіл жол дистанциясының (ПЧ-59) жолшылары қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, жолға иесіз малдың шығып қалып тепловоз машинистерінің шұғыл тежегіш басу жағдайын болдырмау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық иелеріне шойынжол бойына жақын маңда мал жаю тәртібімен таныстыру шараларын атқара жүріп, иесіз малдан сақтану үшін өткен жылы телім бойының 24,7 шақырымына малдан қорғану қоршауын жасаған.

-Иесіз мал болушы ма еді, әрине бәрінің иесі бар. Бірақ біздің халықтың сондай салғырт салақтығы, ақ-адал малын қарамай пойызға басқызып қарап отыра беретініне ішің ашиды. Тіпті пойыз басып кеткен малдың иесін таба алмай дал боламыз. Өйткені, жауапкершілікке тартып, айыппұл төлеуден қорқып өлген малдан менікі емес деп иесі бас тартады.  Жалпы дистанция бойынша 23 теміржол өткелінің  үшеуіне  өтпе кезекшілерімен кезекшілік бақылауы жасалады. Әр ай сайын өтпелерде кемі екі-үш мәрте рейд өткізіледі. Өткен жыл ішінде 72 рейд өткізіліп, теміржол өткелінен өту ережесімен 1810 автокөлік жүргізушісі таныстырылды,-дейді дистанцияның жол инженері Бауыржан Төлегенов.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарғ арасында  «Теміржол бойында мал жаю ережесін» таныстыру жұмыстары ұдайы  жүргізіледі екен. Мәселен өткен жыл бойынша 1850 адамға түсіндіру жұмысы жасалып, ауылдық округ әкімдіктеріне 30 мәрте хат жолданған. Шойын жол бойына жақын орналасқан білім ошақтарын аралап 1550 оқушыға жол бойында мұқият болуын, олардың аса қауіпті аймақта бейсауыт жүрмеуін тағы қайталаған.  

Сонымен қатар дистанция бойынша жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында ЖІІб қызметкерлерімен бірігіп 7 мәрте рейд өткізіп, жергілікті және республикалық мерзімдік басылымдарға 4 мақала  жариялаған.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Сексеуіл станциясы

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки