Шетпенің «су патшасы»

 Шетпе станциясында қайда, қандай су құбыры мен кәріз құдығы бар, ауыз су темір жолдың қай мекемесіне қайдан, қалай келіп-кетеді? Бүгінде қай нысан қалай жұмыс істеп тұр? Мұның бәрін Ығлым Ботабаев үйінде отырып-ақ, айна қатесіз дәл біліп отырады.

«Теміржолсу-Маңғыстау» ЖСШ Шетпе бөлімшесінде еңбек ететін Ығылым Ботабаевтың жалпы теміржолдың су шаруашылығында тер төккеніне қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Бекерге оны «Шетпенің су патшасы Сүлеймен» атамаса керек. Сонау 1979 жылы теміржолдың сумен қамту мекемесіне бастапқыда жөндеуші машинист болып жұмысқа тұрған кезде мекеме Атырауға қарап, теміржолға қарасты тұрғын үй, өндірістік мекемелерді су және кәріз жүйесімен қамтыған екен. 1983 жылдан бастап шебер, соңынан бөлім бастығы болған. Қазір 15 бекеттен Сайөтеске, Ералы станциясы мен №7 бекет  аралығында қызмет көрсететін «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖСШ Шетпе бөлімшесіндегі жұмысты үйлестіріп, оншақты бекеттің, бірнеше темір жол мекемесінің, теміржолға қатысты тұрғын үйлердің, ауылдағы әлеуметтік нысандардың ауыз су мәселесін шешіп отырған өндіріс орнын басқаруда. Бірінші мамандығы механизатор. Кейін М.Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледжін бітірген. Маңғыстауда туып, Шетпе маңында, ауылдың ойы мен қырын көріп өскен оған бұл жердің ойы мен қыры түгел таныс. Көп жылдық тәжірибелі және өнертапқыш басшы тізгінін ұстаған мекеменің  табысы да жақсы. Мекеме биыл 82 мың текше метр су таратып, халықтан шыққан 25 мың текше метрге жуық көлемдегі кәріз суын тазартқан. 1965 жылы салынған ғимарат жаңартылып, жаңа әрі жайлы нысан бой көтеріп тұр. Кәсіпорынға 2009 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су мұнарасы, су, лас су айдау станциялары, су ұңғымасы, су құю эстакадалары түгел жөндеуден өткен. Су, кәріз құбырлары жаңаланған. Бұрын су ұңғымасы жай құдық болған болса, бүгінде оның үстіне ғимарат тіктелген, жабық. Оған 80 метр тереңдікке кететін пластик құбыр жасалған.  Енді құдық астындағы насосты кранмен көтеріп, оған арнай көлік іздеп те  әуреге түспейді. Электронды түрде оңай тәсілмей жасауға болады. Бұл – Ығлым Хасанұлының ұзақ жыл жинақтаған білім-білімінің арқасында ашқан жаңалығы. Сол үшін ол 2012 жылы өнертапқыш атанып, 500 мың теңге арнайы сыйлыққа да ие болған. 2013 жылы «Үздік маман» атанса, 2015 жылы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ол басшылық жасап отырған Шетпе су стансасы «Теміржолсу» АҚ бойынша «Үздік ұңғыма» номинациясымен марапатталған.

–Мені жұмысқа аларда Атыраудағы Бакиев деген бастығымыз «Қандай жұмысқа келгеніңді білесің бе? Кәріз құдығы бітеліп қалса, үйлерден келетін лас суға түсу керек. Ертең қашып кетпейсің бе?» деген еді. Сол айтқандай барлық қиындыққа шыдадық. Қазір жастарға кәріз құдығын ашуды айтсаң, «Ой…й…» деп жиіркеніп тұратындары да кездеседі. Жұмыстан жиіркенуге болмайды. Біз солай қалыптастық. Ауыр да азапты еңбектің жемісін жегеннен рахат не бар?! Жастар жағына үнемі соны ескертемін.  Біз жұмысты кешегі кеңестік заманда бастағанбыз. Онда орталықтағы қазандықтар да бізге қарайды. Жауапкершілік деген қатты болды. Қазандыққа су бармай қалса немесе машинистердің демалу бөлмесінде су болмаса үлкен айқай. Сағат түнгі 2 не 3 демейсің, орныңнан атып тұрып кете бересің. Қазіргідей стансаға баратын грейдер жол да жоқ. 5 шақырым жерге жаяу жүресің. Кейде түнде стансада жарық сөніп қалады. Қараңғыда, қыста, талай түндері шұңқырға түсіп жүрген кездер өтті басымыздан. Соның бәрі сабақ. Қиындықсыз өмір жоқ, – дейді Ығлым Хасанұлы.

 Өткен жылы 60 жасқа толған ел ағасы Ығлым Хасанұлын Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал біз үшін шетпелік Құрметті теміржолшы  40 жылдан бері тұрақты оқырманымыз.  «Салалық газетсіз мен бар жаңалықтан құр қалғандай сезінемін,  үзбей жазыламын. Ешбір аудандық, облыстық газет маған «Қазақстан теміржолшысының» орнын толтыра алмайды, әр номерін ашып оқып отырып, жаңалықтардан хабардар боламын, таныс адамдарымды кездестіремін, біреулерін туған күнімен құттықтаймын», – дейді туған жерге туын тігіп, бақытын еңбектен тапқан ағамыз.

Шахида Жұман, Маңғыстау

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки