Ерлік емей, немене?! 

Қазалы вагон пайдалану депосының Шиелі станциясындағы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушысы Мақсұт Сарибаев өткен жылдың тамыз айының 15 күні №41 «АлматыАтырау» бағытындағы жолаушылар пойызы вагонынан қауіпті ақау тапты.

Пойыз құрамындағы 18-вагонының буксы торабында ТРКП типті жетекші шкив бекітпесінің шашылып бұзылғанын сырттай бақылау арқылы бірден анықтап, қауіпті апаттың алдын алған вагон қараушынының бұл қырағылығын  ерлікке теңеуіміздің себебі  күндіздің өзінде ажырату қиын ақауды жеті қараңғы түнде анықтауы еді.

Вагон шаруашылығының «қыр-сырын» әбден меңгерген тәжірибелі вагоншы Мақсұт вагон доңғалағының ремені босаңқырап, «енжар» дөңгеленіп келе жатқанын пойыз станцияға келіп тоқтаған соң сыртқы белгілеріне қарап анықтаған. Доңғалақ ременіне аяғын салып басқанда оның әдеттегіден бос екеніне көз жеткізген де аға вагон қараушы мен Шиелі ТҚКҚ басшысы Дастан Төлегеновке, ауысымның аға вагон қараушысы Мейрамбек Ержановқа және де тиісті орындарға хабарлаған екен. Вагон ақауын тексерушілер вагон доңғалағының тісті бөлшек бекітпесінің М12х75-тік екі болты сынып, М110 арнайы бұрандасының бұрама тіні желініп, ТРКП типті жетекші шкив бекітпесі шашылып кеткеніне көз жеткізеді. №41-ші пойыздың ақаулы вагоны бұған дейін  Сауран, Талап, Жаңақорған, Төменарық секілді станциялардағы жылжымалы құраманың техникалық күйін пойыздардың жүрісі кезінде автоматты бақылау құралдарынан ескертусіз жүріп өткен, бекеттердегі КТСМ-02 құрылғыларында «Дабыл-0», «Дабыл-1», «Дабыл-2» белгісі тіркелмеген көрінеді. Ақаулы вагон Минск вагон жөндеу депосында деполық жөндеуден өткен жылы өткен екен.

Жолаушылар пойызының қозғалысқа жарамсыз доңғалағы Шиелі ТҚКҚ технологиялық картасына сәйкес 52 минутта ауыстырылуы қарастырылған және Шиелі ТҚКҚ-ның ағымдық жөндеу тұйығында штаттық кестеге сәйкес түнгі уақытта 30 минут қосымша қосылады екен. Ал ақау табылған №41 пойыздың 18-вагонының доңғалағы бас-аяғы 45 минутта ауыстырылып жөндеуден шыққанын білдіретін ВУ-36  нысаны, тежегіштің сынақтан өтуін айғақтайтын ВУ-45  секілді қажетті нысандық анықтамалар алынып, вагон қозғалысқа жарамды халге келтіріліп, жылжымалы құрамға 45 минутта қайта тіркеліп, жылжымалы құрам қозғалысқа жөнелтіледі.  Қазалы вагон пайдалану депосында он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан қырағы вагон қараушы Мақсұт Сарибаев пен шиелілік техникалық қосын еңбеккерлерінің сол кезде ескерусіз калған бұл еңбегі шынында ерлік емей, немене?!

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки