Жаңа технологияны меңгеру – қажеттілік  

Тоғыз жолдың торабы деген сынды теңеуге ие Шу станциясы  – теміржолшылар мекені деген тағы бір атқа ие болғалы да жарты ғасыр. Теміржол көлігінің қызметін қамтамасыз ететін маңызды кәсіпорындар шоғырланған станцияда теміржолшылардың бірнеше буыны ауысып үлгерген.

Мысалы, Шу локомотив пайдалану депосы – машинистердің үшінші-төртінші буынын тәрбиелеп отырған ежелгі кәсіпорын. Мұнда өткен жылдардың үлесіндегі бай тәжірибені сақтап қалуға және өндіріс процесіне жаңа, заманауи технологияны енгізуге өзіндік ықпалын тигізетін ұрпақтар сабақтастығы ұстанымы табысты жүзеге асып келеді.

– Қазіргі ғасыр – компьютерлік технология ғасыры. Біздің теміржолшылар да бұл процестен қалыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдарында көптеген өзгерістер орын алды. Локомотив паркі жаңартылды және толықтырылды. Мысалы, бізге Қытай мен Франция елдерінен жаңа техникалардың жеткізілуі – осының айқын дәлелі. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттермен тікелей байланысты. Мысалы, бүгінгі таңда Шу локомотив пайдалану депосында тозығы жеткен техникаларды заманауи үлгідегі, әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға сай келетін, жаңа техникаға алмастыру жүзеге асырылуда. Жоғарыда атап өткендей, бұл Қазақстанның барлық бағыттарына қатынайтын жолаушылар пойызын қамтамасыз ететін КZ-4A, KZ-4AS маркалы қытайлық өндірістен, KZ-4AТ маркалы франциялық өндірістен шыққан локомотивтер. Сондай-ақ, іргелес мемлекеттерден келетін техникалар қатарында жүк тасымалын қамтамасыз етуге арналған KZ-8 локомотиві де бар. Біздегі локомотив бригадасы Шу-Сарышаған учаскесі бойынша жүрдек пойыздарға да қызмет көрсетеді. Жүк пойыздарына қатысты айтар болсақ, ол Шу-Сарышаған және Шу-Отар учаскелерінде жоғарыда аталған жаңа әрі заманауи локомотивтермен жүзеге асырылады. Тағы бір айта кететін жайт, депо басшылығы жұмыс процесіндегі қажеттіліктерді жаңа жүйеге сай жаңғыртып отыруды назардан тыс қалдырмайды. Барлық локомотивтер компьютерлендірілген, локомотив бригадаларына жоғары талаптар қойылады. Өйткені, қазіргі таңда ескі әдіспен жұмыс жасау мүмкін емес. Машинистер мен олардың көмекшілері пойыздардың қауіпсіз әрі сапалы қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық жаңа технологияны меңгеруі – бірінші кезектегі қажеттілік болып саналады, – дейді Шу локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы Константин Бирюков. 

Ерман Әбдиев, Шу

 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки