Теміржол мүлкін тонауға жол жоқ

Өткен жылы Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының байланыс жүйесіне белгісіз біреулер тарапынан залал келтірілген екі дерек тіркелген. Бұрын-соңды кездеспеген мұндай жағдай ұрлық ретінде пайдақорлық мақсатты ғана көздемейді, қасақана жасалған болуы да мүмкін…

Дистанция бастығының байланыс жөніндегі орынбасары Сағадат Кульшиков неге бұлай ойлайтынын да түсіндіріп өтті. Айтуынша,оқиға жылдың екінші және төртінші тоқсанында болған. Бірінші деректе «Бейнеу-Маңғыстау» телімінің 15-16 разъезд аралығындағы 363 шақырымда 150 метр байланыс сымын қиып әкетіп, 631 мың теңгеден астам шығын келтірсе, екіншісінде Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау-5 елдімекенінің тұсындағы 401 шақырымда жердің астымен өтіп тұрған байланыс сымдарының кабельмен жалғанатын жеріндегі «шкафтың» алқасын бұзып, ішін ашып, сымдарын кескен.

–«Маңғыстау-Бейнеу» теліміндегі ұрлықтың салдарынан сағат 00:50-де байланыс жоғалып кетті. Дереу резервтегі әуе байланысы қосылып, оқиға орнына «әуе байланысын қалпына келтіру» бригадасы келіп жетіп жөндеді. Бізбен бірге Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де тез жетіп, жұмыстарын жүргізді. Ал 401 шақырымдағы жағдай айдың күні аманда, күндіз болған.  Қарапайым тұрғындар оған жақындауға  сескенері сөзсіз, тоққа түсіп қаламын деген қорқыныш туындар еді. Әлдебіреу пайдакүнемдік мақсатта істеді дейін десек, ештеңе алмаған. Тек, бұзып, бүлдірген. Сондықтан сымдарды үзіп, құрылғыны істен шығарып, байланысты жоғалтып,  біздің жұмысымызға, пойыздар қозғалысына кедергі келтіруді мақсат тұтқан арам ниеттінің болуы да ғажап емес.  Дегенмен жүйеде бірі-біріне тәуелсіз екі «канал», яғни қосалқы байланыс жолы болғандықтан бірі істен шықса, екіншісі қосылып, біз зардап шекпедік, – дейді ШЧ  өкілі.

    Аталған бұзушылықты кімнің жасағаны туралы әлі күнге нақты дерек жоқ екен. Жағдайдың енді қайталанбауы үшін дистанция басшылығы әуе байланыс сымы өтіп тұрған ауылдардың тұрғындары мен жақын маңдағы мекемелерге арнайы шығып, ескерту жұмыстарын жүргізіп, сонымен қатар, сол маңда тұратын тұрғындар мен мекеме жұмысшыларынан дистанцияның байланыс жүйесі өтіп тұрған аумақта арнайы жұмыс киімінсіз немесе күдік тудыратын адамды көргендер дереу  полицияға хабарласуларын сұраған.  

  Жалпы мекеме өткен жылды жақсы қорытындылаған. Қазір онда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Мақат-Маңғыстау» жобасы жүзеге асырылуда. Байланыс жүйесін жақсарту бағытында қолға алынған жоба аясында бекет, станциялардағы 1980 жылдардан бері қолданылып келген байланысты қашықтықтан басқаратын құрылғының түгелі жаңартылатын көрінеді. Жоспар бойынша тозығы жеткен әуе байланыс сымдары талшықты түріне ауыстырылып, бір сөзбен айтқанда, жыл соңына дейін жүйе заман талабына сай жетілдірілмек.

–Сондықтан, біз қазір де алдағы уақытта да теміржол мүлкін тонауға жол бермейміз, бұзық ойлылармен қашан да ымырасыз күрес жүргізетін боламыз,– дейді дистанция өкілі.

Шахида Жұман

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки